Зияткерлік меншік туралы заңнама жетілдіріледі
ҚР Әділет министрлігінде зияткерлік меншік құқықтарын қорғау және осы саладағы заңнаманы жетілдіру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Жиынға ғалымдар, сарапшылар, кәсіпкерлер, патенттік сенім білдірілген өкілдер, құқық иелері, зияткерлік меншік нысандарын пайдаланушылар және аумақтық әділет департаменттерінің мамандары қатысты.
Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова зияткерлік меншікті қорғаудың конституциялық кепілдіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, бұл кепілдіктер шығармашылық және зияткерлік еңбек нәтижелерін қорғауға, сондай-ақ оларды заң аясында пайдалануға негіз болады.
Кездесуде қатысушылар қолданыстағы заңнаманың кемшіліктерін талқылап, оларды жою жолдарын қарастырды. Әсіресе құқықтық нормалардың бірізді болмауы және түрлі заңнамалық актілер арасындағы сәйкессіздіктер мәселесіне назар аударылды.
Сонымен қатар халықаралық тәжірибе мен цифрлық технологиялардың дамуы да сөз болды. Мамандар зияткерлік меншікке қатысты рәсімдерді жеңілдету, өтініш берушілерге қолайлы жағдай жасау және құқық иелерімен жұмыстың ашықтығын арттыру жөнінде ұсыныстар айтты.
Жиын соңында қатысушылар зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіру, құқықтық нормаларды біріздендіру және осы бағыттағы бірлескен жұмысты жалғастыру туралы келісімге келді.