Ұлыбританиялық 11 жастағы Бодхана Сиванандан Самарқандта өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында тарихи жетістікке қол жеткізді. Ол әйелдер арасында гроссмейстер атағына қойылатын талаптарды орындаған әлемдегі ең жас шахматшы атанды, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Сиванандан әйелдер гроссмейстері (WGM) атағын алу үшін қажетті үш норманың соңғысын орындады. Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) оның бұл талаптарды тарихтағы ең жас шахматшы ретінде орындағанын растады.
Самарқандтағы 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында Бодхана Англия құрамасының сапында өнер көрсетті. Ол команданың ең мықты ойыншылары сынға түсетін бірінші тақтада 11 партия өткізді. Жарыс қорытындысында жас шахматшы сегіз ұпай жинады. Ол алты кездесуде жеңіске жетіп, төрт партияны тең аяқтады және бір рет жеңілді.
Бодхана бұған дейін WGM атағына қажетті 2300 рейтингтік көрсеткішке жеткен. Сондай-ақ ол Ұлыбританияның әйелдер арасындағы ең жас чемпионы атанды. 2026 жылдың жазында 11 жас төрт айында халықаралық шебер нормасын орындаған тарихтағы ең жас қыз ретінде тағы бір рекорд орнатқан еді.
Бұған дейін әйелдер гроссмейстері атағын ең жас жаста иелену көрсеткіші Екатерина Лагноға тиесілі болған. Ол бұл атаққа 12 жасында қол жеткізген.
Айта кетейік, әйелдер гроссмейстері (WGM) – FIDE тағайындайтын жеке атақ. Ал жынысына қарамастан берілетін гроссмейстер (GM) атағына қойылатын талаптар жоғары. Әйелдер арасында GM атағын ең жас алған шахматшы – қытайлық Хоу Ифань. Ол бұл дәрежеге 14 жасында жеткен.
Осы Олимпиадада 16 жастағы қазақстандық Елназ Қалиахмет те жекелей сында алтын медаль жеңіп алып, төртінші тақтада үздік нәтиже көрсеткен еді.