Біріккен Араб Әмірліктерінде теңіздегі қауіпсіздікті күшейту үшін жасанды интеллект технологиялары қолданылмақ. Елдегі AIQ компаниясы америкалық Quartermaster компаниясымен бірлесіп, күмәнді кемелерді анықтайтын және теңіздегі мұнай нысандарын қорғайтын жүйелер әзірлеуге келісті, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Екі компания арасындағы келісім ADIPEC 2026 халықаралық көрмесінде жасалды. Жоба теңіздегі күмәнді әрекеттерді дер кезінде байқап, ықтимал қауіптің алдын алуға бағытталған. Жаңа технологиялар мұнай өндіретін теңіз платформаларының, суасты құбырларының және өзге де маңызды нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеспек.
Жобаның негізіне SmartMast жүйесі алынған. Оның басты ерекшелігі – кемелерді анықтау үшін спутниктен түсірілген суреттер мен навигациялық мәліметтерді қажет етпейді. Жүйе теңіздегі кемелерді нақты уақыт режимінде танып, олардың қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.
Қазір SmartMast әлемнің 25 еліндегі 650-ден астам кемеге орнатылған. Осы уақытқа дейін жүйе арқылы үш миллионнан астам анықтау дерегі тіркелген.
Алғашқы кезеңде компаниялар жаңа технологияларды Біріккен Араб Әмірліктерінде пайдалануға басымдық береді. Кейін жобаны Парсы шығанағындағы өзге мемлекеттерге және халықаралық нарыққа шығаруды жоспарлап отыр.
Мамандар жасанды интеллект мүмкіндіктерін теңіз қауіпсіздігіне пайдалану арқылы қатерлерді ертерек анықтап, маңызды инфрақұрылым нысандарын қорғауды жетілдіруді көздейді.