Қазақстанда Ұлыбританияның Magdalen College білім беру мекемесін ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Жоба жүзеге асса, халықаралық оқу орны Alatau City аумағында орналасуы мүмкін, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Бұл мәселе Қазақстан делегациясының Ұлыбританияға жасаған жұмыс сапары барысында талқыланды. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Magdalen College-дің халықаралық байланыстар жөніндегі төрағасы Ричард Салданьямен кездесті.
Келіссөздерде британдық білім беру мекемесінің Қазақстан нарығына шығу мүмкіндіктері қаралды. Тараптар Alatau City-де оқу орнын ашудың ықтимал жолдарын, жобаны жүзеге асыруға қажетті ұйымдастырушылық талаптарды және болашақ серіктестіктің негізгі бағыттарын талқылады.
Әсіресе жаңа қалада қалыптасып жатқан білім беру жүйесіне халықаралық тәжірибені енгізу мәселесіне басымдық берілді. Бұл бағытта шетелдік оқу орындарымен байланыс орнатып, заманауи білім беру тәсілдерін қолдану мүмкіндіктері қарастырылып жатыр.
Кездесу соңында тараптар бастаманы әрі қарай талқылауға дайын екендерін жеткізді. Алдағы уақытта жобаны іске асыруға қатысты ұйымдастырушылық және ресми рәсімдерді келісу жоспарланған. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін тиісті құжаттарға қол қойылуы мүмкін.
Айта кетейік, Alatau City-ге шетелдік білім беру ұйымдарын тарту Қазақстанда білім, ғылым және инновацияны ұштастыратын заманауи орталық қалыптастыру жоспарының бір бөлігі саналады.
Мұндай жобалар халықаралық академиялық байланыстарды кеңейтіп, қазақстандық жастардың сапалы білім алу мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар елдің Орталық Азиядағы білім беру орталығы ретіндегі әлеуетін күшейту көзделіп отыр.