BASPASOZТолық нұсқа
Ғылым

Алматыда БҰҰ университетінің зерттеу орталығы ашылады

Дана Зарылханқызы
t.me/aqorda_resmi
Бөлісу Telegram

Қазақстанда Біріккен Ұлттар Ұйымы университетінің өңірлік зерттеу орталығын ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев III Стратегиялық серіктестер форумында мәлімдеді. Мемлекет басшысы ғылым мен білімді дамыту елдің технологиялық дербестігін қамтамасыз етудің басты шарттарының бірі екенін атап өтті, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Президенттің айтуынша, форум аясында Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы университеті Қазақстанда өңірлік зерттеу орталығын ашу жөнінде келісімге қол қояды. Жаңа орталық Алматы қаласында орналасады. Мемлекет басшысы мұны еліміздің ғылыми әлеуетінің халықаралық деңгейде мойындалуы деп бағалады.

"БҰҰ университетінің өкілдігін Алматыда орналастыру Қазақстанның ғылыми мүмкіндігі әлемдік дәрежеде мойындалғанына дәлел болады, сондай-ақ басқа да білім беру мекемелерімен және ғылыми ұйымдармен халықаралық ынтымақтастықты дамытуға жол ашады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бұл бастама отандық жоғары оқу орындарының мүмкіндігін кеңейтіп, Қазақстанда мықты ғылыми орта қалыптастыруға серпін беретінін жеткізді.

Ол былтырғы форумда айтқан "Мықты университеттер – келешектің кепілі" деген сөзін еске алып, елдің технологиялық тұрғыдан тәуелсіз болуы ең алдымен ғылым мен білімнің дамуына байланысты екенін айтты. Осыған орай жастардың сапалы білім алуына, ғылыми ізденіспен айналысуына және тың идеяларын жүзеге асыруына қолайлы жағдай жасау қажет екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы ғылымның белгілі бір елмен немесе аумақпен шектелмейтінін де айтты.

"Ғылым – тұтас адамзаттың игілігіне қызмет ететін теңдессіз құндылық. Сондықтан білімде шекара жоқ, болмауға да тиіс", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның өзге мемлекеттермен ғылыми және зияткерлік байланыстарды кеңейтуге ерекше мән беретінін жеткізді.

Сөз соңында Президент еліміздің білім және ғылым саласының дамуына үлес қосып жүрген университет басшыларына, ғалымдар мен оқытушыларға алғыс білдірді. Сондай-ақ халықаралық әріптестік алдағы уақытта да нығайып, бірлескен ғылыми бастамалар жалғасатынына сенім білдірді.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары