Қазақстанда жасанды интеллект бойынша 32 маман даярланады

Қазақстанда жасанды интеллект бойынша 32 маман даярланады
Gov.kz

Қазақстанда машиналық оқыту және жасанды интеллект саласындағы мамандарды даярлайтын ML School Kazakhstan білім беру бағдарламасы іске қосылды. Yandex Qazaqstan, Astana Hub және Alem.ai Foundation бірлесіп қолға алған жоба аясында алғашқы 32 қатысушы екі жыл бойы тегін білім алады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Бағдарламаға 800-ден астам адам өтінім берген. Үміткерлер математика мен бағдарламалау бойынша екі кезеңдік сынақтан өтіп, үздік нәтиже көрсеткен 32 маман оқуға қабылданды. Алғашқы қатысушылардың арасында жасанды интеллектіні медицинада қолдану, қазақ тіліндегі мәтіндерді өңдеу, сөйлеуді тану, қаржылық тәуекелдерді бағалау және сұранысты болжау бағыттарында тәжірибесі бар мамандар бар.

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, жасанды интеллект өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, медицина және мемлекеттік басқару салаларының дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады. Ол осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану үшін жоғары білікті мамандар даярлау маңызды екенін атап өтті. Бағдарлама Яндекстің Деректерді талдау мектебінің тәжірибесіне сүйене отырып әзірленген. Оқу барысында қатысушылар математика, статистика, алгоритмдер, машиналық оқыту, нейрондық желілер, компьютерлік көру және генеративті жасанды интеллект технологияларын меңгереді.

Сабақтарды технологиялық компаниялардың сарапшылары, техникалық жоғары оқу орындарының оқытушылары және жасанды интеллект саласындағы зерттеушілер жүргізеді.

Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиевтің сөзінше, бағдарламаға 800-ден астам өтінімнің түсуі елімізде машиналық оқытуға деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді. Жобаның басты мақсаты – жасанды интеллект технологияларын өз бетінше әзірлей алатын инженерлер мен зерттеушілерді даярлау. Бағдарлама теориялық біліммен ғана шектелмейді. Қатысушылар технологиялық компаниялардың мамандарымен кездесіп, қолданыстағы машиналық оқыту жүйелерінің жұмысымен танысады. Сондай-ақ нақты инженерлік және ғылыми-зерттеу жобаларымен айналысады.

Сабақтар Астанадағы alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында аптасына екі-үш рет, үш сағаттан өткізіледі. Екі жылдық оқу бағдарламасын аяқтаған түлектерге арнайы сертификат беріледі.

Ұйымдастырушылар алдағы уақытта бағдарламаға жыл сайын маман қабылдауды жоспарлап отыр. Жоба Қазақстанда жасанды интеллект саласындағы кадрлық әлеуетті арттыруға, отандық технологияларды дамытуға және экономиканың түрлі салаларына жаңа цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған.