Қазақстандық мамандар Бішкекте кітап мұрасын сақтау мәселесін талқылады

Қазақстандық мамандар Бішкекте кітап мұрасын сақтау мәселесін талқылады
https://t.me/madenietaqparat

Қырғызстан астанасы Бішкекте сирек кітаптар мен тарихи қолжазбаларды сақтауға арналған халықаралық дөңгелек үстел өтті. Жиынға қазақстандық мамандар да қатысып, құнды басылымдарды қалпына келтіру жолдарын таныстырды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

"Кітап мұрасын сақтау" атты басқосу Орталық Азиядағы Америка университетінде ұйымдастырылды. Оған Қазақстан, Қырғызстан, АҚШ, Түркия және Грекияның кітапханалары мен ғылыми мекемелерінің өкілдері жиналды. Еліміздің атынан Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы мен "Ғылым ордасы" ғылыми орталығының қызметкерлері қатысты. Жиында көне кітаптар мен қолжазбаларды бүлінуден қорғау, оларды қалпына келтіретін мамандарды даярлау және осы салада заманауи технологияларды пайдалану мәселелері талқыланды.

Қазақстандық мамандар сирек басылымдарды сақтауда жинақталған тәжірибесін ортаға салып, елімізде жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы баяндады.

Сондай-ақ Ұлттық кітапхана қызметкерлері тарихи құжаттарды қалпына келтіруге арналған шеберлік сабағын өткізді. Олар ескі жазбалардың сақталу деңгейін анықтау, бүлінген беттерді жөндеу және кітап мұқабаларын қалпына келтіру тәсілдерін көрсетті.

Халықаралық кездесу түрлі ел мамандарының тәжірибе алмасуына, кәсіби байланыс орнатуына және ортақ мәдени мұраны сақтау бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуге арналды.