Шығыс Қазақстан техникалық университетіне жаңа мәртебе берілді

Шығыс Қазақстан техникалық университетіне жаңа мәртебе берілді
Gov.kz

Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті зерттеу университеті мәртебесіне ие болды. Бұл жоғары оқу орнының ғылыми әлеуетін арттыруға, инженерлік мамандар даярлауға және жаңа технологияларды өндіріске енгізуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

2025 жылы университеттегі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың көлемі 4,2 млрд теңгеге жеткен. Ғылыми қызметтің университет бюджетіндегі үлесі 32,6 пайызды құрады. Жүзеге асырылған 253 ғылыми жоба мен келісімшарттық зерттеудің 188-і кәсіпорындардың тапсырысы бойынша орындалған. Бір жыл ішінде университет ғалымдарының 231 ғылыми еңбегі беделді шетелдік журналдарда жарияланды. Олардың жартысынан астамы Q1 және Q2 санатындағы басылымдарда жарық көрген. Сонымен қатар ШҚТУ Еуропалық одақтың Horizon Europe бағдарламасының конкурстық іріктеуінен өткен Қазақстандағы алғашқы университет атанды. Қазір оқу орны 12 елдің 25 ұйымымен бірлесіп, титан мен бериллийді экологиялық қауіпсіз өңдеу технологияларын әзірлеп жатыр.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында университетте тау-кен металлургиясы саласына маманданған 10 жоғары технологиялық зертхана құрылып жатыр. Биыл қазан айында Критикалық материалдар және орнықты металлургия институты ашылды. Мұнда аса маңызды металдарды терең өңдеу, өндіріс қалдықтарын қайта пайдалану және қоршаған ортаға келетін зиянды азайту бағытында зерттеулер жүргізіледі.

Бұдан бөлек, оқу орнында Қазақстан-Неміс ғылым және технологиялар институты, VERITAS және PROFCOAT ғылыми орталықтары, Лу Бань шеберханасы мен SMART Driving Technology инжинирингтік орталығы жұмыс істейді. Университет медицина саласында да ғылыми жобаларды жүзеге асырып келеді. ШҚТУ ғалымдары әзірлеген имплантаттар 150-ден астам науқасты емдеуде қолданылған.

Жаңа мәртебе университеттің академиялық дербестігін кеңейтіп, білім беру бағдарламаларын өндіріс сұранысына сай жаңартуға және ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыруға жол ашады.

Алдағы бес жылда университет шетелдік ғылыми орталықтармен бірлескен зертханалар ашуды, қосымша қаржы мен білікті ғалымдарды тартуды, жаңа ғылыми мектептер қалыптастыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ жас зерттеушілердің Қазақстанда ғылыми қызметпен айналысуына қолайлы жағдай жасалмақ.