Дубайда он күндік аза тұтуға байланысты бірқатар ойын-сауық шарасына уақытша шектеу енгізілді. Соның ішінде Бурдж-Халифа мен Dubai Mall маңындағы әйгілі Дубай субұрқағының шоуы тоқтатылды, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Gulf News мәліметінше, субұрқақ қойылымдары 21-30 қыркүйек аралығындағы аза тұту кезеңінде өткізілмейді.
Он күндік аза тұту Дубай билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид әл-Мактумның інісі шейх Ахмед бен Рашид әл-Мактумның қайтыс болуына байланысты жарияланған. Әмірліктегі мемлекеттік ғимараттарда тулар төмен түсірілді.
Субұрқақ шоуының нақты қашан қайта басталатыны әзірге хабарланған жоқ. Бұған дейін кешкі қойылымдар жергілікті уақытпен сағат 18:00-ден 23:00-ге дейін әр жарты сағат сайын өтетін. Күндізгі шоулар сенбіден бейсенбіге дейін сағат 13:00 және 13:30-да, ал жұма күндері 14:00 және 14:30-да ұйымдастырылатын.
Дубай субұрқағы бұған дейін 2025 жылы жөндеу және жаңғырту жұмыстарына байланысты бес айға жабылып, сол жылдың 1 қазанында қайта іске қосылған еді.
Аза тұту кезінде жергілікті радиостанциялар да хабар тарату кестесін өзгертті. Khaleej Times дерегінше, ойын-сауық бағдарламалары, байқаулар, жүргізушілердің эфирлері мен танымал музыка уақытша тоқтатылған. Олардың орнына діни бағдарламалар, Құран оқу, классикалық және аспаптық музыка беріліп жатыр. Жаңалықтар қалыпты кестемен жалғасады.
The National мәліметінше, аза тұту кезінде кейбір ойын-сауық шаралары тоқтатылып, ресми кездесулер басқа уақытқа ауыстырылуы мүмкін. Алайда билік концерт алаңдарын, туристік орындар мен сауда орталықтарын жаппай жабу туралы шешім қабылдамаған. Әр шараның ұйымдастырушылары өзгерістер туралы жеке хабарлауға тиіс.
Мемлекеттік мекемелер, мектептер мен жеке компаниялар қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Он күндік аза тұту кезеңінде қосымша демалыс күндері жарияланған жоқ.
Сондай-ақ Dubai Mall, дүкендер, мейрамханалар, қоғамдық көлік және басқа да туристік нысандардың жабылатыны туралы ақпарат тараған жоқ.-