Франция жанармай қымбаттаған соң халыққа 450 млн еуро қолдау бөледі

Франция жанармай қымбаттаған соң халыққа 450 млн еуро қолдау бөледі
ЖИ арқылы жасалған

Франция билігі жанармай бағасының өсуіне байланысты тұрғындар мен бірқатар салаға берілетін көмекті кеңейтпек. Жаңа қолдау шараларына жалпы 450 млн еуро бөлінеді, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Францияның экономика министрі Ролан Лескюрдің айтуынша, қолдау ең алдымен табысы төмен азаматтар мен жұмысқа көлікпен алыс жол жүретін тұрғындарға бағытталады. Күн сайын ұзақ қашықтыққа қатынайтын жүргізушілерге арналған жеңілдікті пайдаланушылар саны 3 млн-нан 5,5 млн адамға дейін көбейеді. Соның арқасында олар жанармайдың әр литрінен шамамен 40 еуроцент немесе айына орта есеппен 100 еуро үнемдей алады.

2027 жылғы бюджетте табысы төмен отбасыларға арналған энергетикалық төлем де сақталады. Қаңтардан бастап оны шамамен 4,5 млн адам алады. Отбасы құрамына қарай төлем мөлшері 48-ден 277 еуроға дейін болады.

Мемлекет жекелеген салаларға берілетін көмекті де жалғастырады. Құрылыс компанияларына жанармайдың әр литріне 20 еуроцент өтемақы төленеді. Балықшыларға берілетін субсидия 25-тен 35 еуроцентке дейін ұлғайса, фермерлер үшін литріне 15 еуроцент көлеміндегі қолдау сақталады. Кәсіпорындарға пайызсыз несие беру де қарастырылған.

Қосымша көмек медицина және әлеуметтік қызмет саласының мамандарына да беріледі. Күніне 100 шақырымнан астам жол жүретін медбикелер 80 еуро көлемінде үстемақы алады. Ал үйде күтім көрсететін қызметкерлер күніне кемінде 30 шақырым жүрсе, оларға 100 еуро төленеді.

Ал жүк тасымалымен айналысатын компанияларға арналған қолдау бағдарламасы тоқтатылады. Билік мұны тасымалдаушылардың жанармай шығынын қызмет құнына қосу мүмкіндігі бар екенімен түсіндірді. Қазір Францияда жанармайдың орташа бағасы литріне рекордтық 2,41 еуроға жеткен. Елдегі жанармай құю бекеттерінің 14 пайызында отынның кемінде бір түрі жоқ.

11-20 қыркүйек аралығында жанармай тұтыну айдың алғашқы он күнімен салыстырғанда 30 пайызға азайған. Ал қыркүйек басталғалы тұтыну өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 19 пайызға төмендеді.

Соған қарамастан, Франция үкіметі алдағы екі айда елде жанармай жеткізуге байланысты қиындық туындамайтынын мәлімдеді.