Google Gemini-дің тегін нұсқасына шектеу енгізеді

Google Gemini-дің тегін нұсқасына шектеу енгізеді
ЖИ арқылы жасалған

Google жеке аккаунт иелеріне арналған Gemini модельдерін пайдалану тәртібін өзгертпек. 2026 жылғы 9 қазаннан бастап Google AI жазылымы жоқ қолданушылар Gemini Flash пен Gemini Pro модельдеріне кіре алмайды. Тегін нұсқада тек Gemini Flash-Lite қалады, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Бұған дейін компания кейбір қолданушыларға Google AI Plus жазылымын үш айға шамамен 75 пайыз жеңілдікпен ұсынған еді. Бұл пакет кеңейтілген бұлттық жадты, Gemini мүмкіндіктерін көбірек пайдалануды және Gemini Pro моделіне қолжетімділікті қамтыды. Алайда енді AI Plus жазылымындағы пайдаланушылар да Pro моделінен айырылады.

Google бұдан былай қолданушы пайдаланатын есептеу қуатының көлемін ескеретінін хабарлады. Ол сұраудың күрделілігіне, таңдалған функцияларға және Gemini-мен сөйлесу ұзақтығына байланысты есептеледі.

Компания мәліметінше, лимиттер әр бес сағат сайын жаңарып отырады. Алайда апталық шекке жеткен жағдайда қосымша шектеу қойылады. Ақылы Google AI жазылымдары бар қолданушыларға көбірек ресурс беріледі. Есептеу қуаты әсіресе күрделі функцияларды пайдаланғанда жылдам жұмсалады. Олардың қатарына сурет, видео және музыка жасау, Deep Research, Pro моделі, кеңейтілген ойлау режимі және Deep Think кіреді.

Ең үлкен өзгеріс тегін нұсқа қолданушыларына қатысты болмақ. 9 қазанға дейін олар Flash-Lite, Flash және Pro модельдерін пайдалана алады. Ал жаңа ереже күшіне енгеннен кейін тек Flash-Lite қолжетімді болады.

Google AI Plus жазылымы бар қолданушылар Flash-Lite және Flash модельдерін пайдалана береді. Ал Gemini Pro бұдан былай қымбатырақ AI Pro және AI Ultra тарифтеріне ғана енгізіледі. Компания AI Plus қолданушыларына өзгерістің олардың аккаунтына нақты қашан енгізілетіні туралы жеке электронды хат жіберетінін мәлімдеді.

Google AI Pro жазылымына да өзгеріс енгізіледі. Бұл тариф иелері енді бұрын тек AI Ultra қолданушыларына қолжетімді болған Deep Think функциясын пайдалана алады. Аталған мүмкіндік күрделі тапсырмаларды бірнеше бағытта қатар талдауға арналған.

AI Ultra тарифінің мүмкіндіктері өзгермейді. Онда Flash-Lite, Flash, Pro және Deep Think модельдері мен функциялары сақталады.

Компания әр модель үшін есептеу жүктемесінің төмен, орта және жоғары деңгейін таңдауға болатынын да атап өтті. Жүктеме деңгейі жоғарылаған сайын модель күрделі тапсырмаларды дәлірек әрі егжей-тегжейлі орындайды, бірақ қолжетімді лимит те тезірек таусылады.