Қазақстан COP31 саммитінде тоғыз келісім жасасты

Қазақстан COP31 саммитінде тоғыз келісім жасасты
Gov.kz

Түркияның Анталия қаласында өтіп жатқан БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі 31-конференциясында (COP31) Қазақстан бес келісім мен төрт меморандумға қол қойды. Құжаттар жаңартылатын энергетиканы дамытуға, қоршаған ортаны қорғауға және қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

11 қарашада Қазақстанның ұлттық павильонында халықаралық серіктестікті нығайтуға арналған бірқатар кездесу өтті. Шетелдік компаниялармен жасалған келісімдерден бөлек, қатысушылар экологиялық жобаларды қаржыландыру, қалдықтарды тиімді пайдалану және жаңа технологияларды өндіріске енгізу мәселелерін талқылады.

Күннің басты оқиғаларының бірі Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыровтың қатысуымен екі негіздемелік келісімге қол қойылуы болды.

Алғашқы құжат VEMA S.A. және Carbon Bridge Central Asia Ltd. компанияларымен жасалды. Келісім QazaqGaz Aimaq газ желілерінен метанның ауаға таралуын анықтап, оның алдын алуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруды көздейді.

Екінші келісім "SAFC" ЖШС мен SEFE Marketing & Trading Ltd. компаниялары арасында жасалды. Оның аясында Алматы облысында орман алқаптарын көбейту және тозған жерлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек. Екі жоба да Париж келісімінің 6-бабына сәйкес мемлекеттер арасындағы климаттық ынтымақтастықты дамытуға арналған.

Түркістан мен Қостанай облыстарында жел электр стансалары салынады

Саммит барысында энергетика саласына қатысты тағы үш келісім жасалды. Атап айтқанда, Түркістан облысында қуаты 150 мегаватт, ал Қостанай облысында қуаты 1 гигаватт болатын жел электр стансаларын салу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, Aqyl Energy жобасын іске асыру жөніндегі келісімге қол қойылды. Жоба аясында елімізде 1,35 миллион ақылды газ есептегіш орнатылып, табиғи газ тұтынуды есепке алатын бірыңғай цифрлық жүйе құрылмақ.

Жаңа жүйе газдың қанша тұтынылғанын қашықтан бақылауға, есеп жүргізуді жеңілдетуге және деректердің нақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Қалдықтарды қайта өңдеу саласында төрт меморандум жасалды

Қазақстанның ұлттық павильонында "Жасыл даму" АҚ халықаралық компаниялармен төрт ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Құжаттар "АРМ", PUZER, NULOOP және LoopEnerGren Capital компанияларымен жасалды. Оларға "Жасыл даму" АҚ басқарма төрағасы Ержан Сәрсенбай қол қойды.

Тараптар тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды сұрыптау, жинау мен қайта өңдеу жүйелерін жетілдіру, литий-ионды аккумуляторларды кәдеге жарату және жаңартылатын энергетика жобаларын дамыту бағытында бірлесіп жұмыс істемек. Бұл бастамалар қалдықтарды полигондарға көму көлемін азайтып, оларды қайта пайдалануға мүмкіндік беретін өндіріс салаларын дамытуға бағытталған.

Қазақстан қалдықтарды басқару жүйесін цифрландырмақ

Конференция аясында Орталық Азия елдерінде айналым экономикасын дамытуға арналған арнайы кездесу ұйымдастырылды.

"Міндеттемелерден іске асыруға дейін: Орталық Азиядағы айналым экономикасы бойынша әріптестіктің негіздемелік бағдарламасы" атты жиында Ержан Сәрсенбай Қазақстанның осы саладағы алдағы жоспарларын таныстырды. Ол қалдықтарды басқару жүйесін цифрландыру, қайта өңдеу кәсіпорындарын дамыту және салаға инвестиция тарту мәселелеріне тоқталды.

Талқылауға мемлекеттік мекемелер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, Орталық Азия елдерінен және Жапониядан келген мамандар қатысты. Қатысушылар қалдықтарды қайтадан өндіріске пайдалану, табиғи ресурстарды үнемдеу және осы бағыттағы мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктерін қарастырды.

Әйелдер кәсіпкерлігі мен экологиялық қалаларды дамыту мәселелері талқыланды

Қазақстан павильонында кәсіпкер әйелдердің экологиялық жобаларға қатысу мүмкіндіктеріне де назар аударылды.

"Түркі әйел-кәсіпкерлері: нақты экономикаға арналған климаттық қаржыландыру" атты жиында қатысушылар әйелдер басқаратын кәсіпорындардың климаттық инвестицияларға қол жеткізу жолдарын талқылады.

Сонымен қатар қалаларда жасыл технологияларды қолдану, заманауи инфрақұрылым қалыптастыру және инвестиция тарту мәселелеріне арналған жеке панельдік сессия өтті. Оған БҰҰ-Хабитаттың атқарушы директоры Анаклаудия Россбах, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұриддин Аманқұл және Астана қаласының Урбанистика орталығының өкілдері қатысты.

Жиынды БҰҰ-Хабитаттың Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік кеңсесінің директоры Ерфан Әли жүргізді. Кездесуде қалалардың экологиялық жағдайын жақсарту, инфрақұрылымды табиғатқа зияны аз технологиялар арқылы жаңарту және осы жобаларға қаржы тарту жолдары қаралды.

Осылайша, 11 қарашада Қазақстанның COP31 саммитіндегі ұлттық павильонында бес келісім мен төрт меморандум жасалды. Қол қойылған құжаттар елімізде жел энергетикасын дамытуға, газ инфрақұрылымын жаңғыртуға, орман алқаптарын қалпына келтіруге және қалдықтарды қайта өңдеу саласына жаңа технологиялар мен инвестиция тартуға жол ашпақ.