Астанада Қазақстанның Қорғаныс министрі генерал-майор Айдос Мырзахметов ресейлік әріптесі Андрей Белоусовпен кездесті. Тараптар екі ел арасындағы әскери ынтымақтастықты дамыту және алдағы бірлескен жоспарларды іске асыру мәселелерін қарастырды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Кездесу барысында Айдос Мырзахметов Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүргізіліп жатқан әскери реформаның негізгі бағыттарына тоқталды. Оның айтуынша, қолға алынған өзгерістер Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін күшейтуге, әскерді басқару жүйесін жетілдіруге және заманауи технологияларды кеңінен қолдануға бағытталған.
Атап айтқанда, қару-жарақ пен әскери техниканы жаңарту, цифрлық шешімдерді енгізу және жауынгерлік даярлықтың жаңа әдістерін қалыптастыру көзделіп отыр.
Қазақстанның Қорғаныс министрі әскери мамандарды даярлау жүйесіне де ерекше назар аударылып жатқанын жеткізді. Қазіргі уақытта әскери оқу орындарында тәжірибелік сабақтардың үлесін арттыру және білім беру бағдарламаларын әскердің нақты қажеттіліктеріне бейімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Офицерлерді оқыту кезінде әскери технологиялардың даму қарқыны мен қазіргі заманғы талаптар ескерілмек. Бұл болашақ әскери қызметшілердің кәсіби дайындығын жақсартуға мүмкіндік береді. Министрдің айтуынша, реформаның басты міндеті – өзгеріп жатқан қауіпсіздік жағдайында елдің қорғаныс қабілетін нығайтып, Қарулы күштердің дайындық деңгейін көтеру.
Кездесуде Қазақстан мен Ресейдің 2027 жылға арналған әскери ынтымақтастық жоспарының жобасы да талқыланды. Құжатта әскери кадрларды оқыту, жауынгерлік дайындықты жетілдіру және әскери-техникалық байланыстарды дамыту мәселелері қамтылған.
Сонымен қатар екі елдің қорғаныс ведомстволары әскери білім беру бағытындағы серіктестікті жалғастыруға ниет білдірді. Атап айтқанда, тәжірибе алмасу, оқытушылар арасындағы байланысты нығайту, бірлескен ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен семинарлар ұйымдастыру мүмкіндіктері қарастырылды.