Қазақстан мен Түркия медицина саласында ынтымақтастықты күшейтеді

Қазақстан мен Түркия медицина саласында ынтымақтастықты күшейтеді
Gov.kz

Қазақстан мен Түркия денсаулық сақтау саласындағы әріптестікті нығайтып, 2027–2028 жылдарға арналған бірлескен жұмыс жоспарын бекітті. Құжатқа Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен түркиялық әріптесі Кемал Мемишоглу Антальяда өткен COP31 халықаралық конференциясы аясында қол қойды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Жаңа келісім екі елдің медицина саласындағы бірлескен жобаларын жүзеге асыруға жол ашады. Атап айтқанда, ауруханалар салу, дәрі-дәрмек өндірісін дамыту, медициналық қызметті цифрландыру, ғылыми зерттеулер жүргізу және дәрігерлердің біліктілігін арттыру көзделген.

Ақмарал Әлназарова келісімнің қағаз жүзінде қалмай, нақты нәтижеге ұласуы маңызды екенін атап өтті.

"Қол қойылған жоспарды қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асырудың нақты тетігі ретінде қарастырамыз. Біздің міндетіміз – нақты іс-шараларды айқындап, жауапты ұйымдарды белгілеп, олардың жүйелі түрде орындалуын қамтамасыз ету", – деді министр.

Түрік компаниялары Қазақстанда ауруханалар салып жатыр

Кездесуде Түркия компанияларының Қазақстандағы медициналық нысандар құрылысына қатысуы да сөз болды.

Қазір Rönesans Holding компаниясы Көкшетауда 630 науқасқа арналған көпбейінді аурухана салып жатыр. Ал YDA Group Түркістан мен Петропавлдағы ауруханалардың құрылысына атсалысуда. Сонымен қатар Orhun Medical компаниясымен қатерлі ісік және өзге де ауруларды заманауи құрылғылар арқылы анықтауға мүмкіндік беретін ядролық медицина мен диагностикалық қызметті дамыту жөнінде инвестициялық келісім жасалған.

Қазір Маңғыстау және Қызылорда облыстарында позитрондық-эмиссиялық томография мен компьютерлік томографияны біріктіретін ПЭТ/КТ орталықтары жұмыс істеп тұр.

Қазақстанда дәрі-дәрмек өндірісін дамыту көзделген

Екі ел фармацевтика саласындағы әріптестікті де кеңейтпек. Abdi İbrahim және Nobel İlaç компанияларымен Қазақстанда дәрілік препараттар мен оларды өндіруге қажетті белсенді фармацевтикалық ингредиенттер шығаратын кәсіпорындар құру жөнінде екі ірі инвестициялық келісім жасалды.

Бұған қоса, тараптар дәрі-дәрмек сапасын бақылау, зертханалық тексерулер жүргізу және препараттардың қауіпсіздігін қадағалау ісінде бірлесіп жұмыс істеуді жоспарлап отыр.

Түркияның цифрлық медицина тәжірибесі зерделенеді

Қазақстан Түркияның ауруханаларды электронды жүйе арқылы басқару тәжірибесіне қызығушылық танытып отыр. Әсіресе пациенттердің медициналық мәліметтерін біріктіретін e-Nabız платформасы назарға алынған. Бұл бағыттағы ынтымақтастық аясында ауруханалардың күнделікті жұмысын автоматтандыру, медициналық ресурстарды тиімді пайдалану және науқастарды қабылдау тәртібін жетілдіру мәселелері қарастырылмақ. Сондай-ақ қазақстандық дәрігерлердің Түркияда тәжірибе жинақтауына, екі ел ғалымдарының бірлескен зерттеу жүргізуіне және медицина мамандарын даярлау ісіне көңіл бөлінеді.

Осы мақсатта Түркияның Денсаулық сақтау институттарымен (TÜSEB) байланыс орнату, тағылымдамалар ұйымдастыру және дәрігерлерді аккредиттеу мен сертификаттау тәжірибесін зерделеу жоспарланған.

Қазақстанда "Түрік медицинасы күндерін" өткізу ұсынылды

Келіссөз барысында Қазақстанда "Түрік медицинасы күндерін" ұйымдастыру мәселесі де көтерілді. Бұл бастама жүзеге асса, Түркияның жетекші дәрігерлері қазақстандық әріптестерімен тәжірибе алмасып, кардиология, нейрохирургия, оңалту және шұғыл медициналық көмек бағыттарында шеберлік сабақтарын өткізеді. Сондай-ақ пациенттерге кеңес беру көзделген.

Бұдан бөлек, екі ел аурулардың алдын алу, тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсету және медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру бағытында бірлесіп жұмыс істеуге ниетті. Ақмарал Әлназарова Түркияны алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамытуға арналған халықаралық коалицияға қосылу мүмкіндігін қарастыруға шақырды.

"Қазақстан медициналық қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге, аурулардың алдын алуға және денсаулық сақтау жүйелерінің тұрақтылығын нығайтуға бағытталған алғашқы медициналық-санитариялық көмек жөніндегі елдердің жаһандық коалициясын ілгерілету жұмыстарын жалғастыруда. Осыған байланысты Түркия Республикасын Коалицияға қосылу мүмкіндігін қарастыруға тағы да шақырамын", – деді министр.

Кездесу соңында екі тарап 2027–2028 жылдарға арналған жоспарды жүзеге асыруға жауапты ұйымдарды белгілеп, келісілген жобаларды іске асыру жұмыстарына жақын арада кірісуге уағдаласты.