Microsoft АҚШ мектептеріндегі жасанды интеллектке жаңа талаптар енгізеді

Microsoft АҚШ мектептеріндегі жасанды интеллектке жаңа талаптар енгізеді
Canva

Microsoft АҚШ мектептерінде қолданылатын жасанды интеллект құралдарына қауіпсіздік талаптары мен дербес деректерді қорғау стандарттарын енгізеді. Бұл шешім елдегі екінші ірі мұғалімдер кәсіподағымен жасалған келісім негізінде қабылданды, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Келісімге сәйкес, мектептерде оқушыларды жасанды интеллект жүйелеріне эмоционалды тұрғыда тәуелді етуі мүмкін құралдарды қолдануға жол берілмейді. Сондай-ақ оқушыны оқу тапсырмасына қажет уақыттан ұзақ уақыт бойы жүйеде ұстап қалуға бағытталған функцияларға шектеу қойылады.

Жаңа талаптар заңды күшке ие болады және олардың орындалуын тәуелсіз ұйымдар тексереді.

Microsoft бұдан былай оқушылар мен мұғалімдердің деректерін өздерінің жасанды интеллект жүйелерін оқытуға пайдаланбайтынын мәлімдеді. Тек оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті шектеулі деректерді қолдануға рұқсат етіледі. Жиналған ақпаратты сатуға, жарнама жасауға немесе жаңа өнім әзірлеуге пайдалануға болмайды.

Сонымен қатар компания ата-аналар мен қамқоршыларға өз құралдарының қалай жұмыс істейтінін және қандай деректер жиналатынын қарапайым әрі түсінікті тілмен түсіндіруге міндеттеледі.

Жаңа стандарттар 1 қарашадан бастап АҚШ-тағы Microsoft-пен жасалған барлық мектеп келісімдеріне қолданылады.

Осыған ұқсас қауіпсіздік және дербес деректерді қорғау жөніндегі келісімдерді АҚШ мұғалімдер кәсіподағымен OpenAI мен Anthropic те талқылап жатыр. Екі компания да білім беру саласында жасанды интеллектіні қауіпсіз пайдалануға бағытталған бастамаларды қолдайтынын мәлімдеді.-