Норвегия ханшайымы Астрид ағасы Харальдтың жерлеу рәсімінен екі күн өткен соң қайтыс болды

Норвегия ханшайымы Астрид ағасы Харальдтың жерлеу рәсімінен екі күн өткен соң қайтыс болды
www.bbc.com/ru

Норвегия корольдік сарайы ханшайым Астридтің 94 жасында дүниеден өткенін хабарлады. Ол ағасы, Норвегия королі Харальд V-нің жерлеу рәсіміне қатысқаннан кейін екі күн өткен соң қайтыс болған, деп Baspasoz.kz тілшісі Informburo.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Сарайдың ресми мәлімдемесінде Астридтің 11 қыркүйекте «бейбіт түрде көз жұмғаны» айтылған. Биыл мамыр айында ханшайым жүрек жеткіліксіздігіне байланысты Ослодағы ауруханаға жатқызылып, оған уақытша кардиостимулятор орнатылған.

Денсаулығына қатысты қиындықтарға қарамастан, Астрид 9 қыркүйекте ағасы Харальдтың жерлеу рәсіміне қатысқан. Ол мен Харальд V Норвегияның бұрынғы королі Олаф V-тің тірі қалған соңғы балалары еді.

Астрид 1950-1960 жылдары Норвегияның іс жүзіндегі бірінші ханымы қызметін 14 жыл атқарған. 1954 жылы анасы, тақ мұрагері Марта қайтыс болған кезде, үлкен әпкесі тұрмысқа шығып, елден кеткен еді. Ал ағасы Харальд ол кезде әлі үйленбеген болатын.

Сол кезеңде Астрид әкесі Олаф V-тің ресми іс-шараларына жауап беріп, мемлекеттік қабылдауларды ұйымдастыруға атсалысты. Ол корольмен бірге шетелдік және ел ішіндегі ресми сапарларға да қатысты. Бұл міндеттерін Харальд 1968 жылы үйленгенге дейін атқарды.

1961 жылы ханшайым норвегиялық кәсіпкер, сондай-ақ желкенді спорттан Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Юхан Мартин Фернерге тұрмысқа шықты. Бұл некеге байланысты қоғамда түрлі пікір айтылып, Астрид корольдік мәртебесінің бір бөлігінен айырылып, Фернер ханым атанды.

Ерлі-зайыптылардың бес баласы болды. Мәртебесі өзгергеніне қарамастан, Астрид король сарайының қоғамдық өміріне белсенді араласуын жалғастырды. Ол оннан астам қайырымдылық ұйымына қамқорлық жасап, ағасы Харальдпен бірге түрлі ресми іс-шараларға қатысты.

Норвегия королі Харальд V 28 тамызда 89 жасында қайтыс болған еді. Оның қазасына байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Норвегия халқына және король отбасы мүшелеріне көңіл айтты.