Нью-Йоркте қызылша өршіп, төтенше жағдай жарияланды

Нью-Йоркте қызылша өршіп, төтенше жағдай жарияланды
ЖИ арқылы жасалған

АҚШ-тың Нью-Йорк штатында қызылша жұқтырғандар саны күрт өсуіне байланысты төтенше жағдай режимі енгізілді. Тиісті жарлыққа штат губернаторы Кэти Хокул 5 қазанда қол қойды, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Билік мәліметінше, індет әсіресе штаттың ауылдық аумақтарында және көршілес өңірлерде белсенді таралып жатыр. 2026 жылдың басынан бері Нью-Йорк штатында қызылшаның 108 жағдайы тіркелген. Оның жетеуі Нью-Йорк қаласында анықталған.

Төтенше жағдай аясында қызылшаға қарсы екпе егетін және қажетті зертханалық тексерулер жүргізетін медицина қызметкерлерінің санын арттыру жоспарланып отыр. Бұған қоса, шілде айының ортасынан бері штаттың ауылдық аудандарында мыңнан астам вакцина дозасы қолданылған.

Жалпы АҚШ-та қызылшаға қатысты ахуал күрделі. Джонс Хопкинс университетінің дерегіне сәйкес, биыл елде қызылша жағдайлары соңғы бірнеше онжылдықтағы ең жоғары деңгейге жеткен. Сарапшылар індеттің таралуына вакцинация деңгейінің төмендеуі мен екпе алмаған адамдар шоғырланған аймақтардың әсер етіп отырғанын айтады.

Джонс Хопкинс мамандары қызылшаның өте жұқпалы инфекция екенін атап өтіп, індеттің алдын алуда вакцинацияның маңызды рөл атқаратынын ескертеді.