Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде жемқорлықтың алдын алу мәселелері талқыланды
30 қазанда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде мемлекеттік қызметшілердің заң талаптарын сақтауы, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қызметтік әдеп мәселелеріне арналған семинар өтті, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Жиында Бас прокуратураның Құқық қорғау органдары академиясының доценті, заң ғылымдарының кандидаты Динара Амуртаева баяндама жасады.
Семинар барысында мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі, жемқорлыққа қарсы заңнама талаптары және мүдделер қақтығысын болдырмау жолдары түсіндірілді. Әсіресе туыстарын қызметке тағайындау, жеке мүддеге байланысты шешім қабылдау және сыйлық алу мәселелеріне назар аударылды.
Сондай-ақ 2026 жылғы 12 маусымдағы заңнамалық өзгерістер мен 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін нормалар қарастырылды. Қатысушыларға жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін жауапкершілік және басшылардың бағынысты қызметкерлер әрекетіне қатысты міндеттері түсіндірілді.
Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытынан тыс мінез-құлқы, көпшілік алдында сөйлеу әдебі және азаматтармен қарым-қатынас жасау талаптары сөз болды.
Жиында жұмыс орнындағы харассменттің, қысым көрсетудің және қызметтік өкілеттікті жеке мақсатта пайдаланудың алдын алу мәселелері де көтерілді.
Семинар мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыруға және заң бұзушылықтардың алдын алуға бағытталды.