Шакира концертіне қазақстандықтар билет алудан көш бастады

Шакира концертіне қазақстандықтар билет алудан көш бастады
Inst: shakira

Шакираның Қырғызстанда өтетін концертіне билет сатылымының алғашқы күнінде 22 елдің тұрғындары билет сатып алды. Шетелдік көрермендер арасында қазақстандықтардың үлесі ең жоғары болды, деп Baspasoz.kz тілшісі 24_kg-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Алғашқы тәулікте 13 мыңнан астам билет сатылған. Бұл сатылымға шығарылған барлық билеттің шамамен 30 пайызына тең. Оның 77,32 пайызын Қырғызстан тұрғындары, қалған 22,68 пайызын шетелдіктер сатып алған.

Шетелге сатылған билеттердің 80,01 пайызы Қазақстанға тиесілі. Одан кейін Ресей – 13,08 пайыз және Өзбекстан – 3,8 пайыз. Қалған 18 елдің жиынтық үлесі 3,1 пайыз болды.

Жалпы сатылымның 18,15 пайызын қазақстандықтар сатып алған. Ресей тұрғындарының үлесі – 2,97 пайыз, ал Өзбекстан көрермендерінің үлесі – 0,86 пайыз. Сондай-ақ АҚШ, БАӘ, Тәжікстан, Түркия, Германия, Қытай, Ұлыбритания және басқа елдердің тұрғындары билет алған.

Концертке арналған барлық Skybox орындары сатылып кетті. VIP және VVIP санатындағы билеттердің де бір бөлігі өтіп болған. Қалған VIP және VVIP билеттерін тек офлайн сатып алуға болады.

Қырғызстан президенті іс басқармасының басшысы Қаныбек Тұманбаевтың айтуынша, мұндай халықаралық концерттер елге туристер тартуға және Қырғызстанның шетелдегі танымалдығын арттыруға мүмкіндік береді.

«Адамдардың Қырғызстанға келіп, заманауи, бейбіт, қауіпсіз әрі қонақжай елді өз көзімен көргенін қалаймыз. Бірегей табиғатымыз, бай мәдениетіміз бен саяхаттауға арналған мүмкіндіктеріміз көп. Елді өз көзімен көру ол туралы ескірген түсініктерді кез келген жарнамадан әлдеқайда жақсы өзгертеді», – деді ол.

Тұманбаев мұндай ауқымды шаралардың пайдасы концерт алаңымен ғана шектелмейтінін атап өтті. Шетелдік қонақтардың келуі қонақүйлерге, мейрамханалар мен дәмханаларға, такси және басқа көлік қызметтеріне, экскурсияларға сұранысты арттырады. Сонымен қатар жергілікті кәсіпкерлерге қосымша табыс тауып, қызмет көрсету саласында жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

«Сондықтан оқиғалық туризмге ерекше мән береміз. Сүйікті әртістің концерті Қырғызстанға алғаш рет келуге себеп болуы мүмкін. Ал елден алған әсер туристің сапарын ұзартып, кейін қайта оралуына ықпал етеді», – деді Қаныбек Тұманбаев.