Suzuki ең арзан шағын электромобиль шығарды

Suzuki ең арзан шағын электромобиль шығарды
Jiji Press

Suzuki Motor Corp. компаниясы 16 қарашадан бастап Жапонияда өзінің алғашқы шағын электр көлігі - e Sky моделін сатуға кіріседі. Оның бастапқы бағасы 2,12 млн иен, яғни шамамен 6 млн теңге болады. Осылайша, e Sky Жапония нарығындағы ең қолжетімді шағын электромобиль атанбақ., деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Жаңа модель қытайлық BYD компаниясының 2,14 млн иен тұратын Racco mini EV көлігінен де арзанырақ болады. Ал мемлекеттік субсидияны есепке алғанда, e Sky бағасы 1,552 млн иенге, шамамен 4,4 млн теңгеге дейін төмендейді.

Suzuki жаңа көлікті әзірлеу кезінде қаладағы тар көшелер мен шағын тұрақтарда басқаруға ыңғайлы болуына ерекше мән берген. Сондай-ақ жүргізуші мен жолаушылардың жайлылығы ескерілген. Компания бұл бағытта шағын автокөлік шығарудағы көпжылдық тәжірибесіне сүйенген.

Өндіруші көліктің салмағын азайтып, электр қуатын тиімді пайдалануға да басымдық берген. e Sky бір рет қуатталғаннан кейін 310 шақырымға дейін жүре алады. Бұл шағын электромобильдер арасында жоғары көрсеткіштердің бірі саналады.

Компания ай сайын шамамен 1 мың e Sky сатуды жоспарлап отыр. Suzuki жаңа модель арқылы бензинмен жүретін көлік иелерін де электромобильге көшуге ынталандырмақ.