Ташкентте статистика саласына жасанды интеллект енгізу мәселесі талқыланды

Ташкентте статистика саласына жасанды интеллект енгізу мәселесі талқыланды
Gov.kz

Өзбекстан астанасы Ташкентте статистика саласын цифрландыру және заманауи технологияларды қолдану мәселелеріне арналған халықаралық кеңес өтті. Жиынды ТМД Статистика комитеті ұйымдастырды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Іс-шараға Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдердің ұлттық статистика органдарының өкілдері, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласының мамандары және ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.

Кездесу барысында статистикалық деректерді жинау мен өңдеуді жеңілдету, жұмыс үдерістерін автоматтандыру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану жолдары қарастырылды. Сондай-ақ үлкен деректерді (Big Data) тиімді қолдану мен ақпараттық жүйелер арасындағы деректер алмасуды жетілдіруге ерекше көңіл бөлінді.

Қазақстан атынан қатысқан Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының өкілдері елімізде атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Олар ұлттық статистика жүйесін цифрландыру, жаңа ақпараттық технологияларды енгізу және деректерді өңдеу тәсілдерін жетілдіру бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті.

Кеңес қатысушылары статистика саласындағы технологиялық жаңашылдықтарды талқылап, өзара тәжірибе алмасты.