Тоқаев қазақ тілін әлемдік деңгейге шығаруға бағытталған жаңа тапсырма берді

Тоқаев қазақ тілін әлемдік деңгейге шығаруға бағытталған жаңа тапсырма берді
t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің халықаралық қолданысын кеңейтіп, шет тілдерімен байланыстыратын жаңа сөздіктер әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ Президент интернет кеңістігінде қазақ тіліндегі сапалы контентті көбейтудің маңызын атап өтті, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Президенттің айтуынша, қазақ тілі халықаралық тілдер арасында лайықты орын алуы үшін оның өзге тілдермен байланысын күшейту қажет. Осы бағытта "Қазақ тілі" қоғамы қолға алған Oxford Qazaq Dictionary жобасын әрі қарай дамыту маңызды.

Мемлекет басшысы аталған сөздікпен жеке танысқанын айтып, оны пайдалы еңбек деп бағалады.

"Қазақ тілін Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі ресми тілдерімен жалғайтын сапалы екі тілді және көптілді сөздіктер әзірлейтін уақыт келді", – деді Тоқаев.

Президент қазақ-француз, қазақ-испан, қазақ-қытай, қазақ-араб сөздіктерімен қатар, неміс, итальян, жапон, корей және парсы тілдерімен байланыстыратын сөздіктер дайындауды ұсынды. Ал қазақ-орыс сөздігін заман талабына сай жаңарту қажет екенін жеткізді. Сонымен бірге жаңа сөздіктердің электрондық нұсқаларын жасап, олардың мазмұнын тұрақты түрде толықтырып отыру міндетін қойды. Оның пікірінше, мұндай бастамалар халықаралық мәдени және ғылыми ынтымақтастықты нығайтып, Қазақстанның зияткерлік әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

Мемлекет басшысы қазақ тілінің болашағы тек оқулықтар мен сөздіктерге тәуелді емес екенін де атап өтті. Оның сөзінше, адамдардың ақпарат іздейтін, білім алатын және түрлі мазмұндағы өнімдерді тұтынатын тілі күнделікті өмірде кеңінен қолданылуы тиіс.

Осыған байланысты Президент цифрлық ортада қазақша сапалы әрі қызықты өнімдерді көбейтуді тапсырды. Әсіресе, тілді өз бетінше меңгеруге арналған қосымшалар, балаларға арналған фильмдер мен ойындарды дамытуға басымдық беру қажеттігін айтты. Бұдан бөлек, ғылым, технология, мәдениет, кәсіпкерлік және спорт салаларында қазақ тіліндегі ақпараттық әрі танымдық материалдардың санын арттыру маңызды екенін жеткізді.

Тоқаев мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік қолдау қажет екенін айтып, арнайы жұмыс тобын құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл бастамаға "Қазақ тілі" қоғамының төрағасы Рауан Кенжеханұлы мен ұйым мүшелері белсенді атсалыса алатынын атап өтті.

Сөз соңында Президент мемлекеттік тілдің дамуына тек тиісті мекемелер ғана емес, бүкіл қоғам жауапты екенін еске салды.

"Сайып келгенде, тіліміздің болашағына бәріміз бірдей жауаптымыз. Әрқайсымыз қазақ тілінің тұғырын нығайтуға атсалысуымыз керек", – деді Мемлекет басшысы.