АҚШ президенті Дональд Трамп Атлант немесе Тынық мұхитының атауын өзгертіп, оны өз атымен атау туралы ұсыныс айтты, деп Baspasoz.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Fox News телеарнасының мәліметінше, Трамп бұл пікірін 10 қазанда Теннесси штатының Кларксвилл қаласында өткен сайлауалды жиында білдірген.
"Бізге өзен керек, бізге мұхит керек", – деген АҚШ басшысы.
Оның айтуынша, президенттік өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін әлем картасында жаңа атауға ие мұхит пайда болуы тиіс. Трамп Атлант немесе Тынық мұхитын "Трамп мұхиты" не "Америкалар мұхиты" деп атауға болатынын айтқан. Сөз арасында ол Мексика шығанағының атауын Америка шығанағы деп өзгерту туралы бұрынғы шешімін де еске салды.
Бұл – Трамптың географиялық нысандарға жаңа атау беруге қатысты алғашқы ұсынысы емес. Бұған дейін ол Ормуз бұғазын өз есімімен атау мәселесін көтерген. Өткен айда Truth Social әлеуметтік желісіндегі оқырмандарынан бұғазға "Трамп бұғазы" деген атау беру туралы пікір сұраған. Сондай-ақ тамыз айында АҚШ президенті Онтарио көлінің атауын "Америка көлі" деп өзгерту туралы жарлыққа қол қойғаны хабарланған.
Бұл бастама АҚШ пен Канада арасындағы сауда келіссөздері тоқтап, екі елдің қарым-қатынасы шиеленіскен тұста көтерілген. Вашингтон мен Оттава арасындағы келіспеушілік өзара кедендік баждардың енгізілуіне ұласқан.
Канада премьер-министрі Марк Карни Трамптың шешімін сынға алды. Ол Онтарио атауының 400 жылдан астам тарихы бар екенін және жергілікті вендат халқының тілінен шыққанын атап өтті.
Карнидің айтуынша, бұл атау Канада конфедерациясы құрылғанға және АҚШ Тәуелсіздік декларациясы қабылданғанға дейін пайда болған.
Канада үкіметінің басшысы екі ел арасындағы саяси және экономикалық қатынастар қалай өзгерсе де, канадалықтар көлді тарихи атауымен атай беретінін жеткізді.