Жапония тұрақты тұруға рұқсат алу талаптарын күшейтті

Жапония тұрақты тұруға рұқсат алу талаптарын күшейтті
ЖИ арқылы жасалған

Жапонияда шетелдіктерге тұрақты тұруға рұқсат беру талаптары қатаңдатылды. Елдің Иммиграция агенттігі өтініш берушілердің табысына, жапон тілін меңгеру деңгейіне және болашақ зейнетақы төлемдеріне қатысты жаңа талаптар енгізді, деп Baspasoz.kz тілшісі Informburo.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Жаңа ережеге сәйкес, тұрақты тұруға рұқсат алғысы келетін шетелдіктің табысы жапон отбасыларының орташа кірісінен жоғары болуы керек. 2024 жылғы дерек бойынша, бұл көрсеткіш жылына шамамен 5,75 млн иенді немесе 36,5 мың долларды құрайды. Сондай-ақ өтініш берушінің болашақта алатын зейнетақы төлемінің мөлшері де ескеріледі.

Бұдан бөлек, үміткер жапон тілін күнделікті өмірде өз бетінше қолдана алатынын растауға тиіс.

1 қазаннан бастап тұруға рұқсат алуға өтініш беру ақысы да айтарлықтай өсті. Төлем мөлшері 20 есе артып, 200 мың иенге, яғни шамамен 1280 долларға жетті.

Жалпы тәртіп бойынша тұрақты тұруға рұқсат алу үшін шетел азаматы Жапонияда 10 жылдан астам уақыт тұруы қажет. Ал Жапония азаматының жұбайына бөлек талап қойылады: некеде кемінде бес жыл болып, ел аумағында үш жылдан кем тұрмауы керек.

Тұрақты тұруға рұқсаты бар шетелдіктер Жапонияда мерзімсіз тұрып, кез келген салада еңбек ете алады. Бұл ретте олар өз азаматтығын сақтап қалады.

Жапония билігі көші-қон талаптарын күшейтуді елдегі шетел азаматтары санының жылдам өсуін реттеу қажеттілігімен байланыстырады.