Жапонияда медицина саласында тың тәжірибе жүзеге асты. Ел дәрігерлері бір-бірінен қашықта отырып, арнайы роботтың көмегімен ішек обырына шалдыққан бес науқасқа сәтті ота жасады, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Хиросаки университеті мен Жапония хирургтер қоғамының мәліметінше, мұндай оталар тамыз айынан бері жасалып келеді. Жаңа әдіс елдегі дәрігер тапшылығын азайтып, шалғай өңірлердің тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік бермек.
Операцияларды Жапонияның солтүстік-шығысындағы Аомори префектурасында орналасқан Хиросаки университеттік ауруханасы мен Цугару ауруханасының мамандары жүргізген. Ота кезінде Жапонияның Medicaroid компаниясы жасап шығарған hinotori хирургиялық роботы пайдаланылды. Бір дәрігер операция бөлмесінде отырып роботты басқарса, екінші хирург басқа жерден байланысқа шығып, әріптесіне қашықтан көмектескен.
Хиросаки университеті мен Жапония хирургтер қоғамының хабарлауынша, бұл – елде екі түрлі жерде отырған дәрігерлердің бірлесіп, робот арқылы науқасқа ота жасаған алғашқы клиникалық тәжірибесі. Мамандар алдағы наурыз айына дейін осындай тағы бірнеше операция жасауды жоспарлап отыр. Бұл қашықтан ота жасау әдісінің қауіпсіздігін жан-жақты тексеруге мүмкіндік береді.
Егер сынақтар ойдағыдай аяқталса, ұйымдастырушылар тиісті мемлекеттік органдардан медициналық жабдықты пайдалануға рұқсат алуға ниетті. Сондай-ақ мұндай операцияларды ұлттық медициналық сақтандыру жүйесіне енгізу мәселесі қарастырылмақ.
Жапония хирургтер қоғамының қашықтан хирургияны дамыту комитетін басқаратын Токай университетінің профессоры Масаки Мори жаңа технологияның басты мақсаты туралы айтты.
«Біздің негізгі мақсатымыз – ел өңірлері арасындағы хирургиялық медициналық көмектің қолжетімділігіне қатысты теңсіздікті жою», – деді профессор баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, қашықтан басқарылатын хирургиялық роботтарды күнделікті медициналық тәжірибеге енгізу шамамен екі жылдан кейін басталуы мүмкін.
Жоба авторлары болашақта бұл технологияны Жапонияның барлық өңіріне таратуды көздеп отыр. Соның арқасында шалғай елді мекендердің тұрғындары күрделі операция жасату үшін ірі қалаларға баруға мәжбүр болмайды.
Мамандар жаңа әдіс науқастардың жолға жұмсайтын уақыты мен шығынын қысқартып қана қоймай, білікті хирургтердің көмегін елдің кез келген аймағында алуға жол ашады деп үміттенеді.