Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында әйгілі опера әншісі, халық әртісі Ермек Серкебаевтың туғанына 100 жыл толуына орай өнер мерекесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Ермек Серкебаевтың жарты ғасырдан астам шығармашылық ғұмыры осы театр сахнасында өтті. Әнші көрермен жүрегінен орын алған әйгілі опералық партияларын орындап, қазақ опера өнерінің өркендеуіне елеулі үлес қосты. Мерейтойлық фестиваль Джоаккино Россинидің "Севильдік шаштараз" операсымен шымылдығын ашты. Кезінде осы туындыдағы Фигаро бейнесін шебер сомдаған Ермек Серкебаев "КСРО-ның үздік Фигаросы" атанған еді.
Фестиваль барысында Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің "Абай" операсы да сахналанды. Бұл шығарма Ермек Серкебаевтың өнер жолында айрықша орын алады. Өйткені әнші осы операда өзінің ең танымал сахналық бейнелерінің бірін сомдаған.
Өнер мерекесі театрдың жетекші әншілері мен халықаралық байқаулардың жеңімпаздары қатысқан гала-концертпен қорытындыланды. Кеште Татарстанның халық әртісі, Ресей мен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ренат Салаватов және театрдың бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Байбосынов оркестрге жетекшілік етті.
Мерейтойлық шараға Ермек Серкебаевтың жары Әлфия Байжанова, бауыры, дирижер Мұрат Серкебаев, Жәмила Серкебаева және өзге де туған-туыстары қатысты. Сондай-ақ әншінің әріптестері мен өнерін құрметтейтін көрермендер бас қосты.
Фестиваль аясында театр фойесінде Ермек Серкебаевтың қызы Ирина Серкебаеваның "И жизнь, и молодость, и счастье…" атты кітабының екінші басылымы таныстырылды. Басылымда әйгілі әншінің өмірі, шығармашылық жолы мен өнердегі жетістіктері баяндалған.
Айта кетейік, Ермек Серкебаевтың ғасырлық мерейтойына арналған іс-шаралар бұған дейін де ұйымдастырылған. Атап айтқанда, 18 қыркүйекте Абай атындағы театр ұжымы Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде "Дәуір үні" атты гала-концерт өткізген болатын.
Мерейтойлық шаралардың басты мақсаты – қазақ опера өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Ермек Серкебаевтың шығармашылық мұрасын дәріптеп, кейінгі ұрпаққа таныту.