Қазақстанда қалалардың цифрлық егіздерін жасау жұмысы кеңейіп жатыр. Астанада қолданылып жүрген технологиялар Алматыға енгізіле бастады. Алдағы уақытта бұл тәжірибе Шымкент пен басқа да облыс орталықтарында жүзеге асырылады. Бұл туралы 29 қазанда өткен Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп Baspasoz.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Министрдің айтуынша, елордада қаланың тыныс-тіршілігін бақылауға және басқаруға мүмкіндік беретін бірқатар цифрлық жүйе іске қосылған. Олардың қатарында жолдар мен инфрақұрылымның электронды картасы, ақылды бейнебақылау жүйесі, коммуналдық желілердің жай-күйін қадағалау және көлік қозғалысын реттеу құралдары бар. Жиналған мәліметтер жасанды интеллект көмегімен талданады.
Қазір осы тәжірибені еліміздің басқа қалаларында қолдану жұмысы жүріп жатыр. Жобаға алғашқылардың бірі болып Алматы қосылды. Сонымен қатар Шымкент пен өзге де облыс орталықтарында тиісті дайындық басталған.
Жаңа технологияның көмегімен коммуналдық желілердегі ақауларды алдын ала анықтауға, жолдағы кептелісті азайтуға және қала тұрғындарының қауіпсіздігін арттыруға болады. Сондай-ақ бұл қалалық қызметтердің жұмысын жеңілдетіп, түрлі төтенше жағдайдың алдын алуға мүмкіндік береді.
Қазақстандағы барлық су қоймасының цифрлық егізі жасалады
Жаслан Мәдиев еліміздегі су ресурстарын басқару жүйесін жаңғырту жұмыстарына да тоқталды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ұлттық су ресурстарының цифрлық жүйесі әзірленген. Бұл жүйе су алуға өтініш беруден бастап, пайдаланылған су үшін ақы төлеуге дейінгі барлық жұмысты автоматтандыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, еліміздегі бес су қоймасының цифрлық егізі жасалған. 2027 жылдың соңына дейін бұл технологияны Қазақстандағы барлық су қоймасына енгізу жоспарланып отыр.
Жаңа жүйе су қоймаларының жағдайын тұрақты бақылауға, ықтимал қауіптерді ертерек анықтауға және су ресурстарын тиімді басқаруға көмектеседі.