Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асырудың экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктері талқыланды. Сарапшылар ауқымды құрылыс жобаларының отандық өндірісті дамытуға, жаңа инвестициялар тартуға және тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға ықпалын қарастырды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында белгіленген тапсырмаларды орындау мақсатында Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ), «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ және «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы бірлескен сараптамалық кездесу өткізді.
Жиынның басты тақырыбы – Президенттің 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау бастамасын іске асыру жолдары. Қатысушылар құрылыс саласына қаржы тарту, отандық кәсіпорындардың өндірістік әлеуетін арттыру және инфрақұрылымды жаңғырту мәселелеріне назар аударды.
Құрылыс экономиканың дамуына серпін беруі тиіс
ҚСЗИ директоры Жандос Шаймардановтың айтуынша, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы тек жаңа ғимараттар мен инфрақұрылым нысандарын салумен шектелмейді. Бастама ел экономикасының бірнеше саласын қатар дамытуға мүмкіндік береді.
«Алдағы уақытта жүргізілетін ауқымды құрылыс елдің қаржылық, инвестициялық, өндірістік және еңбек ресурстарын жұмылдыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік инвестициялар инфрақұрылым нысандарын қаржыландыру көзі ғана емес, сонымен қатар жеке капитал тартуға, кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға және сабақтас салаларды дамытуға серпін беруге тиіс», – деді ол.
Оның пікірінше, мемлекеттік қаржы есебінен жүзеге асырылатын жобалар жеке инвесторлардың қызығушылығын арттырып, кәсіпкерліктің дамуына жол ашуы қажет.
Тұрғын үйдің қолжетімділігі басты назарда
Кездесуде баспана мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ляззат Ибрагимова тұрғын үй құрылысын қаржыландырудың тиімді жолдарын қарастыру қажеттігін айтты. Ол тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесін жетілдіру, азаматтардың баспана сатып алу мүмкіндігін кеңейту және нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігін сақтау маңызды екенін атап өтті.
Ал «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Алтай Күздібаев құрылыс қарқынын арттырумен қатар, инженерлік желілерді, жолдарды және әлеуметтік нысандарды дамыту қажет екенін жеткізді.
«Тұрғын үй құрылысы – соңғы жылдары пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі жағынан рекордтық деңгейге жеткен құрылыс саласын дамытудың негізгі бағыттарының бірі. Бұл ретте құрылыс көлемін ұлғайту қалаларымыз бен ауылдық елді мекендерімізде жайлы орта қалыптастыру үшін инженерлік желілерді, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды кешенді түрде дамытуды талап етеді», – деді Алтай Күздібаев.
Оның сөзінше, ірі жобаларды тұрақты жүзеге асыру үшін ұзақ мерзімді қаржыландыру көздерін кеңейтіп, жеке инвестиция тарту тетіктерін жетілдіру маңызды.
Отандық кәсіпорындарға жаңа мүмкіндік ашылады
«QazIndustry» басқарма төрағасы Эльдар Гумаров ауқымды құрылыс бастамасының отандық өнеркәсіп үшін маңызына тоқталды. Оның айтуынша, құрылыс жұмыстарының көбеюі отандық құрылыс материалдарына, жабдықтарға және басқа да өнеркәсіп өнімдеріне сұранысты арттыруы мүмкін.
«Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы – бұл инфрақұрылым нысандарын салу науқаны ғана емес, нақты іске асырылып жатқан қуатты өнеркәсіптік саясат», – деді Эльдар Гумаров.
Ол Қазақстанда қосылған құны жоғары өнімдер шығаруды көбейтіп, жергілікті өндірушілердің ірі жобаларға қатысуына жағдай жасау қажеттігін атап өтті.
Ауқымды құрылыс шағын және орта бизнеске қалай әсер етеді?
Сараптамалық кездесу барысында «Қазақстандағы кең көлемді халықтық құрылыс: ауқымы мен даму көкжиегі» атты бірлескен талдамалық баяндама таныстырылды.
Құжатта еліміздегі құрылыс нарығының қазіргі жағдайы, саланың даму қарқыны, өңірлердегі құрылыс белсенділігі және алдағы инфрақұрылымдық жобалардың мүмкіндіктері қарастырылған.
Мамандар құрылыс көлемінің артуы тек ірі компанияларға ғана емес, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне де жаңа мүмкіндіктер ашуы ықтимал екенін талқылады. Атап айтқанда, құрылыс материалдарын өндіру, жабдық жеткізу, тасымалдау және қызмет көрсету салаларындағы кәсіпорындардың ірі жобаларға қатысу мүмкіндіктері сөз болды. Сонымен қатар қатысушылар инфрақұрылымға салынатын инвестициялардың экономикалық тиімділігін арттыру, отандық өндірісті кеңейту және кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты нығайту жолдарын қарастырды.
Жиын қорытындысында сарапшылар, даму институттары мен бизнес өкілдері Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді орындау бағытындағы алдағы ынтымақтастық мәселелерін айқындады.
Осылайша, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы тұрғын үй мен инфрақұрылым салуды жандандырумен қатар, отандық өнеркәсіпті қолдауға, инвестициялық белсенділікті арттыруға және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі ретінде қарастырылып отыр.