Қазақстанда білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін күшейту және оқушылардың сабаққа қатысуын бақылау үшін Face ID технологиясын кеңінен қолдану мәселесі көтерілді. Бұл бастама Үкіметте өткен білім беру саласын дамытуға арналған кеңесте талқыланды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен жиында білім беру жүйесін цифрландыру, Ұлттық білім беру деректер қорын жаңарту және мемлекет бөлетін қаржының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Кеңеске оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Мектептерде Face ID жүйесі енгізілуі мүмкін
Жиында білім беру мекемелеріне бет-әлпетті тану технологиясына негізделген кіруді бақылау жүйелерін жаппай енгізу қажеттігі айтылды. Мұндай жүйе мектеп аумағына кіріп-шыққан адамдарды бақылауға, оқушылардың сабаққа қатысуын автоматты түрде тіркеуге және білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді.
Білім беру жүйесі бірыңғай платформаға көшеді
Оқу-ағарту министрлігі мен «Қазақтелеком» АҚ өңірлерді Ұлттық білім беру платформасына кезең-кезеңімен қосу жоспарын әзірледі. Жаңа платформа мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруға, білім беру саласындағы мәліметтердің нақтылығын арттыруға және бюджет қаражатының қалай жұмсалып жатқанын ашық көрсетуге бағытталған.
Балабақшаларды қаржыландыру тәртібі қайта қаралады
Кеңесте мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына бөлінетін қаржыны есептеу мәселесі де назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, балабақшаларға берілетін мемлекеттік тапсырыстың құнын анықтаудың бірыңғай әдістемесін енгізу ұсынылды. Осыған байланысты бір балаға бөлінетін қаржының негізгі мөлшерін республикалық деңгейде белгілеу мүмкіндігін қарастыру тапсырылды. Бұл ретте әр өңірдегі шығын көлемі мен жергілікті ерекшеліктер ескеріліп, тиісті түзету коэффициенттері қолданылуы мүмкін.
Мұндай тәсіл балабақшаларды қаржыландыру кезінде өңірлер арасындағы айырмашылықтарды ескеруге және бөлінетін қаражаттың экономикалық негізділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Кеңес соңында жауапты мемлекеттік органдар мен жергілікті әкімдіктерге білім беру саласын цифрландыру жұмыстарын жалғастыру, қаржыландыру тетіктерін жетілдіру және бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.