Қазақстанда орманды қорғаудың жаңа технологиялары енгізіледі

Қазақстанда орманды қорғаудың жаңа технологиялары енгізіледі
Gov.kz

Қазақстан орман шаруашылығын дамыту, жасыл аймақтарды кеңейту және табиғатты қорғаудың заманауи әдістерін енгізу бағытында халықаралық әріптестермен бірқатар келісімге келді. Бұл мәселелер 29–30 қазанда Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында өткен Азия орман ынтымақтастығы ұйымы (AFoCO) Ассамблеясының 15-сессиясында талқыланды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Халықаралық жиынға Қазақстан Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің өкілдері қатысты. Кездесу барысында орман қорын тиімді пайдалану, инвестиция тарту, экологиялық технологияларды дамыту және елдер арасындағы ынтымақтастықты күшейту мәселелері қаралды.

Қазақстанда жаңа көміртегі жобалары қолға алынады

Ассамблея аясында Қазақстан UNIDBT Plus компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Келісім елімізде көміртегі жобаларын жүзеге асыруға бағытталған. 2027 жылдан бастап іске қосу жоспарланған бастамалар орман шаруашылығына қосымша қаржы тартуды, ағаш отырғызылатын аумақтарды көбейтуді және атмосферадағы парниктік газдардың сіңірілуін арттыруды көздейді.

Орман зиянкестерімен күрестің тың әдістері енгізіледі

Жиында Қазақстан ұсынған орманды биологиялық қорғау жобасы да қолдау тапты. Атап айтқанда, орман зиянкестерімен күресуге арналған энтомофагтар зертханасын ашу туралы бастама мақұлданды.

Жоспар бойынша 2027–2030 жылдары арнайы зертхана құрылып, онда ағаштарға зиян келтіретін жәндіктердің табиғи жауларын көбейту жұмыстары жүргізіледі. Сонымен бірге орман жағдайын бақылау жүйесі жетілдіріліп, биологиялық қорғау тәсілдері қолданысқа енгізіледі.

Бұдан бөлек, зиянкестер зақымдаған сүректі қауіпсіз көму технологияларын сынақтан өткізу жоспарланған. Бұл химиялық препараттарға тәуелділікті азайтып, орман экожүйелерін сақтауға мүмкіндік бермек.

Орталық Азия елдері бірлескен жобаларды жүзеге асырмақ

Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан өкілдері қорғаныш орман белдеулерін қалыптастыру және агроорман шаруашылығын дамыту бағытында ортақ гранттық өтінім әзірлеу мәселесін талқылады.

Бастаманың негізгі мақсаты – шөлейттену үдерісін тежеу, топырақтың құнарсыздануына жол бермеу және ауыл шаруашылығы жерлерінің климаттық өзгерістерге төзімділігін күшейту.

AFoCO-ның келесі арнайы сессиясы Қазақстанда өтеді

Ассамблея қорытындысы бойынша ұйымның келесі арнайы сессиясын 2027 жылдың көктемінде Қазақстанда өткізу туралы шешім қабылданды.

Бұл халықаралық кездесуде еліміздің орман шаруашылығындағы тәжірибесін таныстыруға, шетелдік серіктестермен байланыс орнатуға және жаңа экологиялық жобаларды талқылауға мүмкіндік береді.