Моңғолия астанасында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері" атты халыққа Жолдауын таныстыруға арналған брифинг ұйымдастырылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Қазақстанның Моңғолиядағы Елшілігінде өткен жиынға Моңғолияның бұрынғы Президенті, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, сарапшылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Алмас Сейтақынов Мемлекет басшысы Жолдауында көтерілген негізгі мәселелерге тоқталып, елімізде қолға алынған саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер туралы баяндады. Әсіресе инфрақұрылымды жетілдіру, экономиканың түрлі салаларын дамыту, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын жаңарту мәселелеріне басымдық берілді. Сондай-ақ цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдануға бағытталған бастамалар таныстырылды.
Брифинг барысында Қазақстанның халықаралық жүк тасымалындағы мүмкіндіктерін кеңейту мәселесі де сөз болды. Атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту және жаңа көлік дәліздерін қалыптастырудың маңызы айтылды. Мұндай жобалар Моңғолияға Орталық Азия, Кавказ, Түркия және Еуропа нарықтарына шығудың қосымша мүмкіндіктерін ұсына алады.
Елші Қазақстан мен Моңғолия арасындағы қарым-қатынастың нығайып келе жатқанын да атап өтті. Оның айтуынша, екі ел Президенттерінің 2024 және 2026 жылдардағы мемлекеттік сапарлары өзара ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге ықпал еткен.
Кездесуде екіжақты сауда көлемін 500 миллион АҚШ долларына жеткізу жөніндегі келісімдер мен ауыл шаруашылығы, энергетика, өнеркәсіп және көлік салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері қарастырылды.
Бұдан бөлек, 2027 жылы Қазақстан мен Моңғолия дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуын атап өтетіні айтылды. Бұл мерейтой екі ел арасындағы достық байланыстарды одан әрі нығайту тұрғысынан маңызды екені атап өтілді.
Жиын соңында моңғолиялық сарапшылар Қазақстан Президентінің Жолдауында белгіленген міндеттерге оң баға берді. Қатысушылар елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың маңызын атап өтіп, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда-экономикалық және басқа да салалардағы әріптестікті кеңейтуге қызығушылық білдірді.