Ұлытау облысында Президент Жолдауындағы міндеттер талқыланды

Ұлытау облысында Президент Жолдауындағы міндеттер талқыланды
https://t.me/quryltairesmi

Ұлытау облысында өңір тұрғындары мен мемлекеттік органдар өкілдерінің кездесуі өтіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері" атты Жолдауында айтылған бастамаларды жүзеге асыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Жиынға Құрылтай депутаты Дархан Ахмедиев, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Аманжол Әлтай және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Эльдар Күзенбаев қатысты. Кездесуде ел дамуының негізгі бағыттары, соның ішінде цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын енгізу, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері сөз болды.

Қатысушылар әлеуметтік нысандарды жаңарту мен білікті мамандар даярлаудың маңызына тоқталды. Сондай-ақ Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асырғанда Ұлытау облысының экономикалық жағдайы мен жергілікті халықтың қажеттіліктерін ескеру керектігі айтылды.

Өңірде жаңа әлеуметтік нысандар салынады

Жиында "Халықтық құрылыс" бағдарламасына ерекше назар аударылды. Бұл бастама әлеуметтік инфрақұрылымды жаңартып, тұрғындарға қажетті нысандардың санын көбейтуді көздейді. Бағдарлама аясында Ұлытау облысында жаңа мектептер, медициналық мекемелер, спорт және мәдениет нысандарын салу жоспарланған. Қазір өңірде теміржол вокзалдарын жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар маңызды автожолдарды салу және қайта жөндеу жалғасуда.

Облыстың қалалары мен ауылдарында да бірқатар әлеуметтік жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, ауруханалар, емханалар, балабақшалар, инклюзивті және оңалту орталықтары, спорт нысандары мен Конгресс-орталықтың құрылысы жүргізілуде.

Бұл жұмыстарға бюджет қаржысымен қатар инвесторлар мен түрлі қорлардың қаражаты тартылған.

Тұрғындар қандай мәселелерді көтерді?

Кездесу барысында жергілікті халық өздерін толғандырған сауалдарын мемлекеттік органдардың өкілдеріне тікелей қоюға мүмкіндік алды. Әсіресе әлеуметтік көмек көрсету тәртібі, медицина қызметкерлерінің жалақысы және мұғалімдердің қағазбастылығын азайту мәселелері көтерілді.

Бұдан бөлек, тұрғындар өңірдегі экологиялық жағдай мен технологиялық мәселелерге қатысты сұрақтарын ортаға салды.

Жиын соңында мемлекеттік органдардың өкілдері тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, көтерілген мәселелер бойынша түсініктеме берді.