Қазақстан Ұлттық банкі бөліп төлеу қызметін реттеу тәртібін өзгерту мәселесін талқылауға шығарды. Ұсыныстар қатарында мұндай сатып алуларды кредиттік тарихқа енгізу, тұтынушының төлем қабілетін бағалау және шарттардың мерзіміне талап қою бар екенін атап өтті, деп Baspasoz.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлттық банк бұл туралы «Бөліп төлеу және BNPL нарығы» атты талқылау құжатында мәлімдеді. Құжат әзірге жаңа ережелердің жобасы немесе түпкілікті шешім емес. Реттеуші нарық қатысушыларының ұсыныстары мен пікірлерін жинап жатыр. Талқылау сегіз аптаға созылады.
Ұлттық банк нені өзгерткісі келеді?
Реттеушінің бұл мәселеге назар аударуына тауар мен қызметті қазір алып, ақысын кейін төлеуге мүмкіндік беретін түрлі жүйелердің көбеюі себеп болған. Егер сатып алуды банк немесе микроқаржы ұйымы қаржыландырса, ол тұтынушылық қарыз ретінде рәсімделіп, қолданыстағы талаптарға бағынады. Ал тауарды сатушының өзі бөліп төлеуге ұсынған жағдайда, жағдай өзгеше болуы мүмкін. Ұлттық банктің бағалауынша, тұтынушы үшін негізгі қауіптердің бірі - сатып алу кезінде қарыз жүктемесінің байқалмауы. Бұған қоса, жасырын төлемдер, мерзімі өткен жағдайда белгіленбеген немесе жоғары айыппұлдар және тауарды қайтару кезіндегі қиындықтар сияқты тәуекелдер бар. Яғни сатушы, арнайы сервис немесе қаржы ұйымы емес басқа компания ұсынатын бөліп төлеу кей жағдайда қаржылық реттеу аясынан тыс қалуы мүмкін. Мұндай міндеттемелердің барлығы кредиттік тарихта көрсетіле бермейді. Ұлттық банк ең алдымен осы сегментті зерттеп отыр.
BNPL деген не?
BNPL - ағылшын тіліндегі Buy Now, Pay Later, яғни «Қазір сатып ал, кейін төле» деген ұғымның қысқартылған түрі. Бұл жүйеде тұтынушы тауарды бірден алады да, оның құнын бірнеше төлемге бөліп өтейді.
Қазақстанда мұндай қызметті арнайы BNPL-сервис ұсынуы мүмкін. Ол сатып алуды қаржыландырып немесе кейінгі төлемдерді талап ету құқығын иеленеді. Мұндағы басты мәселе, адамның бірнеше бөліп төлеуді рәсімдеп, олардың барлығын уақытында өтеп жүргенімен, кейін банкке несие алуға барған кезде барлық қаржылық міндеттемесі көрінбеуі мүмкін. Ұлттық банк мұндай жағдай халықтың жасырын қарыз жүктемесінің өсуіне әкелуі мүмкін деп есептейді. Себебі кейбір міндеттемелер кредиттік бюролардағы ақпаратта көрсетілмейді. Бұл азаматтың нақты төлем қабілетін бағалауды қиындатады.
Ұлттық банк қандай шараларды ұсынды?
Қазір талқыланып жатқан негізгі ұсыныстар мыналар:
- BNPL арқылы сатып алуды қаржыландыруды қаржылық қызмет ретінде тану;
- мәміле шарттары туралы ақпаратты тұтынушыға толық әрі түсінікті түрде ұсынуды міндеттеу;
- BNPL бойынша мәліметтерді кредиттік бюроларға беруді енгізу;
- тұтынушыларды қорғау тетіктерін күшейту, соның ішінде айыппұлдар мен өсімпұлдарға шектеу қою;
- азаматтардың төлем қабілеті мен жалпы қарыз жүктемесін бағалауға талап енгізу.
Сонымен бірге Ұлттық банк бөліп төлеудің мерзіміне, проблемалық берешекпен жұмыс істеуге және қызметтерді бөліп төлеу тәртібіне қатысты мәселелерді де талқылауға шығарды.
Жаңа талаптар көлік пен баспанаға да қатысты болуы мүмкін
Ұлттық банк бөліп төлеу нарығын тек телефон немесе тұрмыстық техника сатып алумен шектемейді. Құжатта автокөлік пен жылжымайтын мүлікті бөліп төлеу, сондай-ақ кейін сатып алу мүмкіндігі қарастырылған жалға алу схемалары да сөз болады. Мысалы, адам автокөлікті пайдаланып, компанияға тұрақты түрде төлем жасауы мүмкін. Алайда келісімдегі барлық талап орындалғанға дейін көлік компанияның меншігінде қала береді. Мұндай шарттарда қосымша төлемдер, айыппұлдар, сақтандыру шығындары немесе көлікті сатып алу үшін төленетін соңғы сома көрсетілуі мүмкін. Сондықтан Ұлттық банк мәміленің атауына ғана емес, оның нақты экономикалық мазмұнына қарай реттеу қажет пе деген мәселені көтеріп отыр.
Бөліп төлеу тоқтатылмайды
Ең маңыздысы: Ұлттық банк әзірге бөліп төлеу қызметін жоюды немесе шектеуді көздемейтінін нақтылаған.
Реттеушінің мақсаты - нарықтың нақты көлемі туралы ақпарат жинау және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған ең төменгі талаптарды белгілеу.
Сондықтан қазіргі кезеңде бөліп төлеуді тоқтату туралы сөз жоқ. Ұсыныстар негізінен қаржылық реттеуден тыс қалған схемаларды бақылауға алуға бағытталған.
Ұлттық банк құжат бойынша ұсыныстарды 2026 жылғы 3 қарашаға дейін қабылдайды. Осы уақыт ішінде нарық қатысушылары мен басқа да мүдделі тараптардың пікірлері қаралады.