Үкімет мүшелері мен ұлттық компания басшылары Құрылтайға шақырылады

Үкімет мүшелері мен ұлттық компания басшылары Құрылтайға шақырылады
Тг: Quryltai

Құрылтай депутаты Үнзила Шапақ Үкімет мүшелері мен квазимемлекеттік сектор басшыларының депутаттар алдында есеп беру тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Брифингте журналистер «Самұрық-Қазына» секілді квазимемлекеттік компаниялардың басшылары Құрылтай депутаттарының алдында есеп бере ме және мұндай кездесулер қаншалықты жиі өтетінін сұрады.

Үнзила Шапақтың айтуынша, Үкімет жұмысына қатысты мәселелер талқыланған кезде жекелеген министрлер, мемлекеттік органдардың басшылары және квазимемлекеттік сектор өкілдері Құрылтай отырысына шақырылуы мүмкін.

Сонымен қатар Жоғары аудиторлық палата жылына екі рет Құрылтай алдында есеп береді. Оның бір есебі жылдық бюджеттің атқарылуына арналса, екіншісінде жекелеген бағыттар бойынша жүргізілген аудит нәтижелері қаралады.

Мұндай талқылаулар барысында квазимемлекеттік сектордың тиімділігі, ұлттық компаниялардың қызметі және мемлекеттің қатысуымен жүзеге асырылатын жобалардың нәтижелілігі сөз болуы мүмкін.

«Осындай жағдайда квазимемлекеттік сектор мен тиісті компаниялардың басшылары келеді. Мысалы, «Самұрық-Қазына» қорының басшылығы да шақырылуы мүмкін», – деді депутат.

Бұдан бөлек, конституциялық заңдарда Үкіметтің жекелеген мүшесінің қызметі туралы есепті тыңдау мүмкіндігі қарастырылған. Оның қорытындысы бойынша конституциялық жауапкершілік мәселесі де көтерілуі ықтимал.

Депутаттың сөзінше, осы рәсімдер аясында ұлттық компания басшылары Құрылтай отырыстарына қатысып, депутаттардың сұрақтарына жауап бере алады.

0