АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен жалғасып жатқан соғыс қараша айында өтетін аралық сайлаудан кейін көп ұзамай аяқталуы мүмкін деп мәлімдеді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
«Менің ойымша, соғыс сайлаудан кейін бірден аяқталады. Өйткені олар бұдан әрі шыдай алмайды», – деді Трамп Иран туралы пікір білдіріп.
АҚШ президентінің айтуынша, сайлау аяқталғаннан кейін мұнай бағасы да күрт төмендей бастайды.
Трамп бұл мәлімдемені Техасқа сапары кезінде айтты. Онда Республикалық партия тарихында алғаш рет аралық сайлауға арналған арнайы съезд өткен. Президент Иран билігі АҚШ-тағы саяси жағдайға ықпал етуге тырысып жатыр деп те мәлімдеді.
Оның сөзінше, Тегеран «әлсіз адамдар тобының» билікке келгенін қалайды. Трамп бұл жерде демократтарды меңзеген. Президенттің пікірінше, мұндай жағдайда Иранға қысым азайып, елдің ядролық қару жасау мүмкіндігі артуы ықтимал.
Бұған дейін Трамп Иранмен соғыс бірнеше апта ғана жалғасады деп болжаған еді. Алайда қақтығыс жетінші айға созылып отыр.
Соғыстың экономикалық салдары да АҚШ ішіндегі саяси жағдайға әсер етуде. Соның ішінде жанармай мен азық-түлік бағасының өсуі президент рейтингіне кері ықпал еткен.
АҚШ-тағы аралық сайлау 3 қарашада өтеді. Сайлау қорытындысында республикашылдар Конгрестегі бақылауын жоғалтуы мүмкін. АҚШ саяси тәжірибесінде биліктегі президенттің партиясы аралық сайлау кезінде Конгрестегі орындарының бір бөлігін жиі жоғалтады.