Парижде 9–10 қыркүйек күндері халықаралық ғарыш саммиті өтіп жатыр. Жиынға Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйен, атқарушы вице-президенттер Хенна Вирккунен мен Стефан Сежурне, сондай-ақ Еурокомиссияның қорғаныс жөніндегі комиссары Андрюс Кубилюс қатысуда. Бұл туралы Еуроодақтың меншікті тілшісі хабарлады, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Саммит Франция президенті Эмманюэль Макронның бастамасымен Германиямен бірлесе ұйымдастырылған. Мемлекет басшысы жиынның арнайы өкілдері ретінде астронавт Тома Пескені және кәсіпкер Элен Юбиді тағайындаған. Халықаралық шараға шамамен 2 мың адам және 120-ға жуық елдің делегациясы қатысады деп күтілуде.
Эмманюэль Макрон Еуропаның ғарыш саласындағы дербестігін күшейтуі қажет екенін айтты. Оның пікірінше, инновациялар мен инвестицияларға басымдық беру арқылы Еуропа ғарыш саласында да тәуелсіздігін нығайта алады.
Саммит аясында Андрюс Кубилюс қорғаныс саласындағы ғарыш технологияларына арналған сессияда бірқатар қорғаныс министрлерімен бірге сөз сөйлейді. Сонымен қатар ол жаһандық бәсекелестіктегі Еуропаның ұстанымы талқыланатын пікірталасқа еуропалық өнеркәсіп басшыларымен бірге қатысады.