Қазақстанда мерекелік жеңілдіктер аяқталды: Сауда көлемі қаншаға артты?

Қазақстанда мерекелік жеңілдіктер аяқталды: Сауда көлемі қаншаға артты?
https://t.me/saudagovkz

Қазақстанда Республика күніне орай өткізілген Republic Day және Bereke Fest жеңілдіктер науқаны қорытындыланды. 17–27 қазан аралығында өткен акцияларға еліміздің барлық өңірінен 649 сауда нысаны қатысты. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 30 пайыздан астам жоғары, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Сауда және интеграция министрлігі жергілікті әкімдіктермен бірлесіп ұйымдастырған акциялар аясында тұрғындарға түрлі тауарларды арзандатылған бағамен сатып алу мүмкіндігі ұсынылды. Атап айтқанда, Republic Day науқанына 232 сауда орталығы мен сауда үйі, ал Bereke Fest акциясына сауда желілерінің 417 дүкені қосылды.

Жеңілдіктер азық-түлік, киім-кешек, аяқ киім, тұрмыстық химия, техника және күнделікті тұтынуға қажетті басқа да тауарларды қамтыды. Кейбір өнімдердің бағасы 70 пайызға дейін төмендетілді.

Шымкент пен Қарағанды облысында сатылым артты

Мерекелік науқан кезінде бірқатар өңірде тауарларға сұраныс өскен. Мәселен, Шымкентте киім сатылымы 18 пайызға, аяқ киім 16 пайызға артқан. Балалар тағамының сатылымы 30 пайызға көбейсе, жөргектерге сұраныс 25 пайызға өскен.

Қарағанды облысында да тұрмыстық химия өнімдерінің сатылымы жоғарылаған. Атап айтқанда, кір жууға арналған гельдер 20 пайызға, ал сұйық сабын 18 пайызға көп сатылған.

Онлайн дүкендер де жеңілдіктер ұсынды

Республикалық акцияларға ірі интернет-дүкендер мен маркетплейстер де қатысты. Олардың қатарында Kaspi.kz, Halyk Market, Forte Market, Technodom, Mechta, Wildberries және Ozon бар. Онлайн сауда алаңдары сатып алушыларға жекелеген тауарлар бойынша 50 пайызға дейін жеңілдік жасап, қосымша бонустар ұсынды.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жеңілдіктер кезеңінде сауда орындарына келушілер саны көбейіп, акцияға қатысқан кәсіпорындардың тауар айналымы артқан.

Republic Day және Bereke Fest науқандары тұрғындардың мерекелік жеңілдіктерге қызығушылығын арттырып, сауда орындарындағы белсенділіктің өсуіне ықпал етті. Сонымен қатар акциялар кәсіпкерлерге өнімдерін көбірек сатуға, ал тұтынушыларға қажетті тауарларды тиімді бағамен алуға мүмкіндік берді.