Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева жаңа Құрылтай депутаттарының жалақысы қанша екенін айтты, деп Baspasoz.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Құрылтайдағы брифинг барысында журналистер депутаттардың ай сайынғы жалақысы туралы сұрақ қойды. Оған депутат Дания Еспаева былай жауап қайтарды: «Қазіргі уақытта депутаттардың жалақысы 600 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін. Егер депутаттың еңбек өтілі көп болса, оның жалақысы 1 миллион теңгеге дейін жетеді».
2026 жылдың қаңтарында бұрынғы Сенат пен Мәжіліс депутаттары өздерінің және жұбайларының 2024 жылғы кірістері туралы декларацияларын жариялаған еді. Алайда бұл құжаттарда депутаттардың жалақысы көрсетілмеген. Декларацияда салық салынуға жататын қосымша табыстар: дивидендтер, пайыздық кірістер, мүлікті сатудан түскен қаражат және басқа да табыс көздері ғана көрсетілген.
Бұрынғы Мәжіліс депутаттары қанша табыс тапқан?
Мәжілісте 98 депутат болғанымен, 2024 жылғы декларациясын олардың тек төртеуі жариялады.
Мәселен, бұрынғы депутат Ерлан Барлыбаев декларациясында 528 миллион теңге табысын көрсеткен.
Ал «Мен де көбейгім келеді» деген сөзімен танылған экс-депутат Анас Баққожаев өзінің декларациясында табыс көрсетпеген. Оның жұбайы Алия Отарбаева 2024 жылы 4,3 миллион теңге табыс тапқан.
Бұрынғы Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Рау жұбайының жылдық табысы 10 миллион теңге болған. Ал экс-депутат Бауржан Смағұловтың жұбайы бір жылда 48 миллион теңге тапқан.
Бұрынғы Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың да декларациясы жарияланған. Құжатқа сәйкес, оның жұбайы Гүлжан Абауова 2024 жылы 1,5 миллион теңге табыс алған.
Бұрынғы Сенат депутаттарының табысы
Сенаттағы 50 депутаттың ішінен 2024 жылғы декларациясын тек бесеуі жариялаған.
Мәселен, Сагындық Лукпанов 43 760 теңге табыс көрсеткен. Ал сенатор Закаржан Кузиевтің жұбайы Тасмия Кузиева бір жылда 3,2 миллион теңге табыс алған.
Сонымен қатар:
Сұлтан Дюсембиновтың жұбайы Рая Қыдырбаева – 5 миллион теңге;
Нұрлан Бекеновтің жұбайы Сара Бекенова – 11 миллион теңге;
Жанболат Жоргенбаевтың жұбайы Дания Жоргенбаева – 12 миллион теңге табыс көрсеткен.
Бұрынғы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев пен оның жұбайы 2024 жылы қосымша табыс алмаған. Бұл олардың декларациясында көрсетілген.