Әйел кәсіпкерлер өңірлік ынтымақтастықты талқылады

Әйел кәсіпкерлер өңірлік ынтымақтастықты талқылады
Quryltai.kz

Қазақстанда шағын және орта бизнес нысандарының жартысынан астамын әйелдер басқарады. Бұл туралы Құрылтай депутаты, Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетінің төрайымы Наталья Годунова Орталық Азия мен Әзербайжан әйел кәсіпкерлерінің онлайн форумында мәлімдеді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

20 қазанда өткен халықаралық жиында әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, іскерлік байланыстарды кеңейту және өңір елдері арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.

Форум Орталық Азия мемлекеттері мен Әзербайжанның әйел көшбасшылары арасындағы диалог аясында ұйымдастырылды. Басқосуда сөз алған Наталья Годунова Өзбекстан Олий Мажлисі Сенаты мен Сауда-өнеркәсіп палатасына іс-шараны ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді.

Депутат әйелдердің кәсіпкерлікке белсенді араласуы ел экономикасының дамуына серпін беретінін атап өтті. Оның сөзінше, Қазақстанда өз ісін ашып, табысты кәсіп жүргізіп отырған әйелдердің қатары артып келеді.

– Қазақстандағы шағын және орта бизнес субъектілерінің 50 пайыздан астамын әйелдер басқарады. Қазір елімізде бір миллионнан астам әйел кәсіпкерлікпен айналысады. Олардың бизнесі елдің жалпы ішкі өнімінің шамамен 40 пайызын құрайды, – деді Наталья Годунова.

Халықаралық кездесуде қатысушылар әйелдердің кәсіпкерлік әлеуетін арттыруға бағытталған бастамаларды ортаға салды. Әсіресе электрондық сауданы дамыту, цифрлық маркетинг құралдарын тиімді пайдалану және бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асыру мәселелеріне басымдық берілді. Сонымен қатар әйелдердің кәсіби білімін жетілдіру, басқарушылық қабілеттерін дамыту және жаңа нарықтарға шығуына қолдау көрсету жолдары қарастырылды.

Наталья Годунова Алматыда құрылып жатқан БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы мен Гендерлік білім орталығының осы бағыттағы мүмкіндіктеріне тоқталды. Оның пікірінше, аталған орталықтар аясында жүзеге асырылатын оқыту бағдарламалары әйел кәсіпкерлердің біліктілігін арттыруға және халықаралық тәжірибені меңгеруіне көмектеседі.

Депутат Орталық Азия елдері мен Әзербайжан арасындағы серіктестікті күшейту әйелдер басқаратын кәсіпорындарға жаңа мүмкіндіктер ашатынын жеткізді. Атап айтқанда, мұндай байланыстар кәсіпкерлердің сыртқы нарықтарға шығуына, тәжірибе алмасуына және ортақ жобаларды іске асыруына жол ашады.

Жиын соңында қатысушылар әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бағытындағы ынтымақтастықты жалғастыруға, өзара тәжірибе алмасуды кеңейтуге және өңірдегі іскер әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін арттыруға қатысты алдағы міндеттерді белгіледі.