Астанада халықаралық Kaztraffic-2026 көрмесі өтеді

Астанада халықаралық Kaztraffic-2026 көрмесі өтеді
ЖИ арқылы жасалды

18–20 қараша күндері Астанада жол құрылысы мен көлік инфрақұрылымына арналған XXII халықаралық "Kaztraffic-2026" көрмесі ұйымдастырылады. Үш күнге созылатын шараға отандық және шетелдік 150-ге жуық компания қатысады деп күтілуде, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Көрме EXPO халықаралық көрме орталығында Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің ресми қолдауымен өтеді. Оған министрлік пен Автомобиль жолдары комитетінің өкілдері, жол құрылысына қажетті техника мен материал өндірушілер, ғылыми мекемелер және шетелдік сарапшылар жиналады.

Қатысушылар жол саласындағы соңғы жаңалықтармен таныса алады. Атап айтқанда, заманауи құрылыс техникалары, жол төсеуге арналған жаңа материалдар, жолдардың жай-күйін тексеретін цифрлық жүйелер мен көлік қозғалысын басқару технологиялары көрсетіледі. Сондай-ақ жүк көліктерінің салмағы мен көлемін автоматты түрде бақылайтын құрылғылар таныстырылады.

Биылғы көрмеде Қытаймен әріптестік мәселесіне ерекше көңіл бөлінбек. Бейжіңнің интеллектуалды көлік қауымдастығы (ITS Beijing) мен қытайлық компаниялар жол инфрақұрылымын цифрландыру, көлік ағынын реттеу және ақылы жолдарды басқару бағытындағы технологияларын ұсынады.

Көрме аясында "Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты" АҚ ұйымдастыратын "Жолдар және инновациялар" халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы да өтеді. Оған 20-дан астам елден келген мамандар мен 40-тан астам баяндамашы қатысады деп жоспарланған.

ҚазжолҒЗИ өз кезегінде Қазақстанда әзірленген бірнеше цифрлық жобаны көпшілік назарына ұсынады. Олардың қатарында жол құрылысына арналған материалдар мен технологиялар жинақталған RCMBase дерекқоры, көпірлерді пайдалану жүйесі (СУЭМ), елді мекендердің көше-жол желісін басқаруға арналған СУДС жүйесі және жол саласы мамандарының біліктілігі туралы мәліметтер қамтылған Jolshy базасы бар.

Халықаралық шараға "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы да қатысады. Компания мамандары республикалық жолдарды күтіп-ұстау тәжірибесімен бөлісіп, жаңа технологияларды қолдану және алдағы әріптестік мүмкіндіктерін талқылайды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме жол саласындағы мамандардың тәжірибе алмасуына, жаңа іскерлік байланыстар орнатуына және озық технологияларды өндіріске енгізу жолдарын қарастыруына мүмкіндік береді. Басты мақсат – автомобиль жолдарының сапасын жақсарту, пайдалану мерзімін ұзарту және қозғалыс қауіпсіздігін арттыру.

Көрмеге қатысу үшін тіркелу: https://vs-expocom.com/kazautodor-kaztraffic/