Қазақстан ИЫҰ-ның 52-сессиясында маңызды бастамалар көтерді

Қазақстан ИЫҰ-ның 52-сессиясында маңызды бастамалар көтерді
Gov.kz

Қазақстан делегациясы Ирак астанасы Бағдадта өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесінің 52-сессиясына қатысты. Жиында халықаралық қауіпсіздік, Таяу Шығыстағы жағдай және мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

18 қазанда өткен халықаралық кездесуге Қазақстан атынан Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев қатысты.

Сессия барысында ұйымға мүше елдердің өкілдері әлемдегі және өңірлердегі өзекті мәселелерді талқылады. Әсіресе, ислам әлеміндегі әскери-саяси ахуалға, гуманитарлық дағдарыстарға және Палестина мен Израиль арасындағы қақтығысқа ерекше назар аударылды.

Қатысушылар Таяу Шығыстағы шиеленісті төмендету, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау үшін дипломатиялық келіссөздерді жандандыру қажет екенін атап өтті.

Қазақстан делегациясының басшысы Арман Исағалиев өз сөзінде еліміздің халықаралық және өңірлік жанжалдарды бейбіт жолмен шешуді қолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, кез келген қақтығысты реттеу халықаралық құқық нормалары мен Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының қағидаттарына негізделуі тиіс. Сондай-ақ ол қауіпсіздік пен тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылын күшейту маңызды екенін айтты.

Кездесуде Қазақстан үшін басым саналатын бірнеше бағыт көтерілді. Олардың қатарында ядролық қарудың таралуына жол бермеу, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көлік және логистика саласындағы байланысты кеңейту мәселелері бар.

Бұдан бөлек, жасанды интеллект, цифрландыру және жаңа технологияларды дамыту бағытындағы әріптестікке назар аударылды. Қазақстан бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағын қалпына келтіруге қатысты экологиялық бастамаларды да ұсынды.

Сессияның Қазақстан үшін маңызды нәтижелерінің бірі – елші Бағдат Әміреевтің Ислам ынтымақтастығы ұйымы Бас хатшысының әкімшілік және қаржы мәселелері жөніндегі орынбасары болып сайлануы. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бұл шешім ұйымға мүше мемлекеттердің елімізге деген сенімін және көпжақты ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесін көрсетеді.

Жиын соңында саяси, экономикалық, құқықтық және мәдени-гуманитарлық бағыттарды қамтитын бірқатар қарар қабылданды.

Қазақстан ұсынған бастамалар да сессияның қорытынды құжаттарына енгізіліп, тиісті қарарларда бекітілді.