Қазақстан мен Армения табиғатты қорғау мәселелерін талқылады

Қазақстан мен Армения табиғатты қорғау мәселелерін талқылады
Gov.kz

Қазақстан мен Армения қалдықтарды қайта өңдеу, электр көлігін дамыту және табиғи аумақтарды қорғау мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Ереванда өткен БҰҰ-ның Биологиялық әртүрлілік туралы конвенциясы тараптарының 17-конференциясы (COP17) аясында Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Арменияның Аумақтық басқару және инфрақұрылым министрі Давид Худатянмен кездесті.

Кездесуде екі елдің өкілдері тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жақсарту жолдарын қарастырды. Атап айтқанда, қоқысты бөлек жинау, сұрыптау, қайта өңдеу және осы бағытта заманауи технологияларды енгізу мәселелері сөз болды. Тараптар жаңартылатын энергия көздерін кеңінен пайдалану мен электр көліктеріне қажетті инфрақұрылымды дамытуға да назар аударды.

Сонымен қатар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы көлік қозғалысын реттеу мәселесі көтерілді. Табиғатқа зиянды әсерді азайту үшін кейбір қорықтар мен ұлттық парктерге бензин және дизель отынымен жүретін көліктердің кіруін шектеу мүмкіндігі талқыланды.

Олардың орнына келушілер үшін қоршаған ортаға зияны аз көлік түрлерін пайдалану ұсынылды. Мұндай шаралар ауаның ластануын азайтып, табиғи аймақтарды сақтауға және экологиялық туризмді дамытуға мүмкіндік береді.

Кездесу соңында Қазақстан мен Армения өкілдері аталған бағыттар бойынша тәжірибе алмасуды жалғастыруға дайын екендерін білдірді.