Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Беларусьтің Көлік және коммуникациялар министрі Алексей Ляхновичпен кездесіп, екі ел арасындағы өндірістік байланысты нығайту жолдарын талқылады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Келіссөз барысында тараптар бұған дейін жоғары деңгейде жасалған келісімдерді жүзеге асыру және бірлескен өнеркәсіп жобаларын дамыту мәселелеріне тоқталды.
Қазіргі уақытта Қазақстан мен Беларусь арасында жалпы құны 204,3 миллион долларды құрайтын 16 бірлескен жоба бар. Бұл бастамалар аясында 1,7 мың жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінде аталған жобалардың 13-і іске асырылған.
Кездесуде теміржол техникасын өндіру, қажетті бөлшектерді өзара жеткізу және осы саладағы серіктестікті кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Ерсайын Нағаспаев Қазақстанның Беларусь теміржолы мен өзге де кәсіпорындарға теміржол дөңгелектері және басқа да өнеркәсіп өнімдерін жеткізу көлемін ұлғайтуға дайын екенін жеткізді.
Министрдің айтуынша, екі елдің ынтымақтастығы тек дайын бөлшектерді құрастырумен шектелмей, өзара тиімді әрі тұрақты өндірістік байланыс орнатуға бағытталуы тиіс.
«Біздің ортақ міндетіміз – жекелеген құрастыру жобаларын жүзеге асырудан екі елдің өнеркәсіптік әлеуетінің бір-бірін толықтыруына негізделген тұрақты бірлескен өндірістік тізбектерді қалыптастыруға көшу. Осыған байланысты қазақстандық кәсіпорындар Беларусь нарығындағы қатысу аясын кеңейтуге мүдделі», – деді Ерсайын Нағаспаев.
Кездесу соңында тараптар талқыланған ұсыныстарды жан-жақты пысықтап, бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.