Болгария астанасы Софияда Қазақстан-Болгария Іскерлік кеңесін құру туралы келісімге қол қойылды. Сонымен қатар жаңа кеңестің алғашқы отырысы ұйымдастырылып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
20 қазанда өткен жиын Қазақстан мен Болгария басшыларының өзара уағдаластықтарын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды. Іс-шараға екі мемлекеттің жетекші компанияларынан 50-ден астам өкіл қатысты.
Кездесуді Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы, Болгарияның сауда-өнеркәсіп палатасы және Қазақстанның Болгариядағы Елшілігі қолдады. Ұйымдастыру жұмыстарына екі елдің 40-қа жуық кәсіпкерін біріктіретін Қазақстан-Болгария сауда-өнеркәсіп палатасы да атсалысты.
Қазақстанның Болгариядағы Елшісі Виктор Темірбаев жаңа Іскерлік кеңестің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, екі мемлекет басшыларының бастамасымен құрылған бұл алаң өзара сауда көлемін ұлғайтуға, инвестиция тартуға және ортақ экономикалық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Ал «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстан Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы әрі Іскерлік кеңестің қазақстандық бөлігінің жетекшісі Мұрат Қарымсақов екіжақты экономикалық байланыстардың қазіргі жағдайы мен даму мүмкіндіктері туралы баяндады. Ол ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, көлік және логистика салаларындағы әріптестікті дамытуға ерекше назар аударды.
Өз кезегінде Болгария сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Цветан Симеонов Қазақстанның Орталық Азиядағы стратегиялық маңызын атап өтті. Сондай-ақ еліміздің сыртқы экономикалық саясаты шетелдік компаниялардың Қазақстан нарығында жұмыс істеуіне қолайлы жағдай қалыптастыратынын жеткізді.
Жиын аясында екі ел кәсіпкерлері арасында B2B форматындағы кездесулер өтті. Тараптар агроөнеркәсіп, өндіріс, құрылыс, көлік, логистика және IT бағыттарында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастырды.
Кездесу қорытындысында Қазақстан мен Болгарияның іскерлік өкілдері тікелей сауда байланыстарын нығайтып, ортақ инвестициялық жобалардың санын арттыру жөнінде уағдаласты.
Жаңадан құрылған Іскерлік кеңес екі ел кәсіпкерлерінің өзара байланысын кеңейтіп, экономикалық серіктестікті дамытуға арналған тұрақты диалог алаңы болмақ.