Қазақстан мен БҰҰДБ бес жылдық ынтымақтастық жоспарын талқылады

Қазақстан мен БҰҰДБ бес жылдық ынтымақтастық жоспарын талқылады
Gov.kz

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) Қазақстандағы тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниамен кездесті. Жиында тараптар бірлескен жобалардың нәтижелерін саралап, 2026–2030 жылдарға арналған ынтымақтастықтың негізгі басымдықтарын талқылады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Кездесу барысында Катаржина Вавьерниа Қазақстан мен БҰҰДБ арасындағы ұзақ мерзімді серіктестіктің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін жүзеге асырылған бастамалар жасыл қаржыландыруды дамытуға, БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге және өңірлердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал еткен.

Алдағы бес жылда тараптар өңірлік экономиканы дамытуға, жоспарлау жүйесіне цифрлық технологияларды енгізуге, кәсіпкерліктің тиімділігін арттыруға және ауылдық жерлердегі табыс көздерін көбейтуге басымдық бермек.

Жаңа бағдарлама шеңберінде өңірлердің қаржылық тұрақтылығын нығайту көзделген. Ол үшін жергілікті бюджеттердің кірістері мен шығыстарын жан-жақты талдап, өңірлердің өз табысын арттыруына мүмкіндік беретін тетіктер әзірлеу ұсынылды.

Сонымен қатар аймақтардың экономикалық әлеуетін бағалауға арналған геоэкономикалық модель құру жоспарланып отыр. Бұл құрал өңірлердегі болашағы зор салаларды, инфрақұрылымға деген қажеттілікті және инвестиция тартуға қолайлы бағыттарды анықтауға көмектеседі. Жиналған деректер мемлекеттік басқаруда тиімді шешім қабылдау үшін пайдаланылмақ.

Ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты – шағын және орта бизнесті қолдау. Атап айтқанда, өңірлерде кәсіпорындарды біріктіретін өндірістік кластерлерді дамыту тәсілдерін тәжірибеден өткізу ұсынылды. Бұл кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Ауылдық жерлерде экономиканы әртараптандыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін ұлғайтуға және тұрғындардың табысын көбейтуге назар аударылады. Бұдан бөлек, еңбек нарығының алдағы қажеттіліктерін алдын ала болжау жүйесін жетілдіру мәселесі қаралды.

Кездесуде БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарын мемлекеттік жоспарлау мен бюджет саясатына енгізу, өңірлік көрсеткіштерді жетілдіру, климаттың өзгеруі және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері де сөз болды.

Серік Жұманғарин Қазақстанның БҰҰДБ-мен серіктестікті жалғастыруға мүдделі екенін жеткізді. Әсіресе өңірлік жобаларды жүзеге асыру мен экологиялық бастамаларды қаржыландырудың маңызын атап өтті.

Сондай-ақ тараптар өңірлердің халықаралық қаржы көздеріне қолжетімділігін арттыру жолдарын талқылады. Соның ішінде халықаралық кредиттік рейтингтерді пайдалану арқылы инвестиция тарту мүмкіндіктері қарастырылды.