Қазақстанда соңғы бес жылда 1 003 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді. Сонымен қатар дәрігер тапшылығы 20,4 пайызға қысқарды. Бұл туралы Үкімет Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында атқарылған жұмыстардың қорытындысында мәлімдеді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елімізде денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту, дәрігерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту және медициналық білім сапасын арттыру бағытында бірқатар шара жүзеге асырылып жатыр.
Бес жылда 1 003 медициналық нысан ашылды
Соңғы бес жыл ішінде Қазақстанда 10 аурухана, 14 емхана, 967 дәрігерлік амбулатория мен медициналық пункт, сондай-ақ 3 ғылыми медициналық орталық ашылған. Бұдан бөлек, қан орталықтары мен оңалту мекемелерін қоса алғанда, тағы 9 медициналық ұйым іске қосылды. Жаңадан ашылған нысандардың 655-і «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған. Бұл ауыл тұрғындарының медициналық қызметке қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Дәрігер тапшылығы азайды
Қазір еліміздің денсаулық сақтау саласында 280 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді. Олардың 84 мыңға жуығы – дәрігерлер.
Ресми мәліметке сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша дәрігер тапшылығы 2023 жылмен салыстырғанда 20,4 пайызға төмендеген. Ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 28,3 пайызға қысқарған. Мамандарды өңірлерге тарту үшін әлеуметтік қолдау шаралары да кеңейтілген.
Ауыл дәрігерлеріне 8,5 млн теңгеден төленді
2025 жылы 1 760 дәрігер мемлекеттік әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылған. Бұл көрсеткіш бұрынғы деңгеймен салыстырғанда 2,2 есе артқан.
Баспана алған медицина қызметкерлерінің саны 3,3 есе көбейіп, 727 адамға жеткен. Сондай-ақ ауылдық елді мекендерде сұраныс жоғары мамандықтар бойынша жұмыс істейтін 529 дәрігерге 8,5 миллион теңге көлемінде біржолғы төлем берілген. Бұл шаралар медицина мамандарын ауылдарға тартуға және олардың тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасауға бағытталған.
72 мыңнан астам студент медицина саласында білім алып жатыр
Қазақстанда медицина мамандарын даярлаумен 8 медициналық университет, көпсалалы жоғары оқу орындарының 7 факультеті және 17 ғылыми ұйым айналысады.
Қазіргі уақытта медициналық мамандықтар бойынша 72 мыңнан астам адам білім алуда. Оның 61 мыңнан астамы жоғары білімнің негізгі деңгейінде оқыса, 11 мыңнан астамы жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын меңгеріп жатыр. Бұдан бөлек, медициналық колледждерде 110 мыңға жуық студент оқиды.
Елімізде медициналық білім берудің 760 бағдарламасы тіркелген. Олардың қатарында «Кинезитерапия», «IT-медицина», «Фармация және иммунобиологиялық препараттар биотехнологиясы», «Мейіргер ісі ғылымы» сияқты инновациялық бағыттар бар. Студенттердің тәжірибелік дағдыларын жетілдіру мақсатында симуляциялық орталықтар дамытылып, клиникалық тәлімгерлік жүйесі енгізіліп жатыр.
Медицина саласына жасанды интеллект енгізілуде
Қазақстанда болашақ дәрігерлерді даярлау барысында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні пайдалануға ерекше көңіл бөлінуде. Медициналық білім беру бағдарламаларына жасанды интеллектіні қолдануға арналған жаңа пәндер енгізіліп жатыр.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде медицинадағы жасанды интеллект бағыты бойынша арнайы орталық ашылған. Сонымен бірге қалалық медициналық деректерді талдауға, ықтимал қауіптерді алдын ала болжауға және басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе әзірленуде.
Өңірлердегі маман тапшылығын шешу көзделген
Үкімет медициналық кадрларды даярлау жүйесін әр өңірдің нақты қажеттілігіне қарай бейімдеуді жоспарлап отыр.
Енді білім беру гранттарын бөлу кезінде өңірлердегі аурушаңдық деңгейі, халық санының өзгеруі, дәрігер тапшылығы және болашақта қажетті болатын мамандар саны ескеріледі. Сондай-ақ мемлекеттік грантпен білім алған түлектерді жұмысқа орналастыруда жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыру көзделген.
Үкіметтің мәліметінше, денсаулық сақтау саласындағы негізгі басымдықтар – медициналық инфрақұрылымды жаңарту, дәрігерлерді әлеуметтік қолдау, білікті мамандар даярлау және жаңа технологияларды енгізу.
Бұл шаралардың түпкі мақсаты – қала мен ауыл арасындағы медициналық қызмет сапасының айырмашылығын азайтып, тұрғындарға қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек көрсету.