Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялардың халықаралық ұйымының (IOSCO) бас хатшысы Родриго Буэнавентурамен кездесті. Тараптар еліміздің капитал нарығын дамыту, заңнаманы жетілдіру және инвесторлардың құқығын қорғау мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Кездесу Таиландтың Бангкок қаласында өткен Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк тобының жыл сайынғы жиындары аясында ұйымдастырылды.
Жиында Қазақстанның қор нарығындағы қазіргі жағдайы, қол жеткізілген нәтижелер мен алдағы жылдарға арналған негізгі міндеттер қаралды. Сондай-ақ қаржы нарығын реттеуде халықаралық тәжірибені қолдану және осы бағыттағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері қозғалды.
Тараптар 2026–2030 жылдарға арналған капитал нарығын дамыту бағдарламасының жобасына және “Капитал нарығы туралы” жаңа заң жобасына ерекше назар аударды. Жоспарланған реформалар қор нарығының инфрақұрылымын жаңғыртуға, сауда-саттықтың ашықтығын арттыруға және инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды күшейтуге бағытталған.
Кездесуде цифрлық қаржы активтерін, соның ішінде токенделген қаржы құралдарын реттеу мәселесі де талқыланды. Бұл бағытта қолданылатын технологияға қарамастан, қызмет түрлері мен тәуекелдері ұқсас қаржы құралдарына бірдей талап қою қағидаты басшылыққа алынатыны айтылды. Сонымен қатар Қазақстанның қаржы нарығын халықаралық талаптарға сәйкестендіру, қадағалау тетіктерін жетілдіру және шетелдік тәжірибені пайдалану мүмкіндіктері қарастырылды.
Кездесу қорытындысында тараптар IOSCO ұйымымен ынтымақтастықты жалғастырудың маңызын атап өтті. Бұл байланыс Қазақстанның капитал нарығына инвесторлардың сенімін арттыруға, қаржы жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға және қор нарығының ұзақ мерзімді дамуына ықпал етеді деп күтілуде.