Қазақстанда Париж келісімінің 6-бабы аясындағы тетіктерді іске асыру және климат саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне арналған жұмыс кеңесі өтті, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Жиынға Экология және табиғи ресурстар министрі Ә. Қуантыров төрағалық етті. Оған Президенттің кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Р. Баталов, сондай-ақ SAFC, SEFE, TotalEnergies, ТШО, NCOC, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының өкілдері қатысты.
Кездесуде Париж келісімінің 6-бабында қарастырылған халықаралық тетіктерді Қазақстанда қолдану жолдары талқыланды. Тараптар климаттық жобаларды жүзеге асырудың құқықтық негіздерін жетілдіру, шетелдік инвестиция тарту және елдің климаттық міндеттемелерін орындау мүмкіндіктерін қарастырды.
Сонымен қатар халықаралық серіктестермен байланысты нығайту, көміртек нарығының құралдарын тиімді пайдалану және бірлескен экологиялық бастамаларды іске асыруға қолайлы жағдай қалыптастыру мәселелеріне назар аударылды. Кеңес барысында метан шығарындыларын азайту, орман алқаптарын қалпына келтіру және парниктік газдардың атмосфераға таралуын төмендетуге бағытталған жобалар перспективалы бағыттар ретінде аталды.
Жиын соңында қатысушылар халықаралық климаттық әріптестікті одан әрі дамыту және Қазақстанның COP31 климат конференциясына ұсынатын бастамаларын әзірлеу бойынша алдағы міндеттерді белгіледі.