Қазақстандық судья Бішкекте экологиялық сот төрелігі мәселесін көтерді

Қазақстандық судья Бішкекте экологиялық сот төрелігі мәселесін көтерді
https://t.me/Jogargy_sot

ҚР Жоғарғы Сотының судьясы Есенбай Боранбаев Қырғызстан астанасы Бішкекте өткен судьялардың IV жыл сайынғы конференциясына қатысты. Халықаралық жиында қоршаған ортаны қорғау, экологиялық құқық бұзушылықтар және сот төрелігін жетілдіру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Конференция «Тұрақты даму мақсаттары аясындағы экологиялық сот төрелігі: халықаралық экологиялық стандарттар және Қырғыз Республикасының ұлттық тәсілдері» тақырыбына арналды.

Іс-шара барысында Есенбай Боранбаев қоршаған ортаға келтірілген залалға қатысты істер бойынша сот төрелігіне қол жеткізу мәселесін көтерді. Ол климаттың жаһандық өзгеруі мен экологиялық проблемалардың өзектілігі артып отырған кезеңде Қазақстан қоршаған ортаны қорғау және экологиялық жауапкершілікті күшейту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

Қазақстанның экологиялық жауапкершілік саласындағы тәжірибесі таныстырылды

Судьяның айтуынша, еліміз экологиялық таза мемлекет қалыптастыруды маңызды мақсаттардың бірі ретінде қарастырады. Табиғатқа ұқыпты қарау қоғамдық құндылық қана емес, Конституцияда бекітілген міндет болып саналады. Сондай-ақ Қазақстанда азаматтардың өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғауға ерекше мән берілетіні айтылды.

Адам өміріне, денсаулығына немесе қоршаған ортаға қауіп төндіретін жағдайларды лауазымды тұлғалардың жасыруы заңда көзделген жауапкершілікке әкелетіні атап өтілді.

Бұдан бөлек, БҰҰ Даму бағдарламасының талдауына сәйкес, Қазақстан экологиялық мәселелер бойынша сот төрелігін жүзеге асыруда халықаралық стандарттарды басшылыққа алатыны айтылды.

Халықаралық тәжірибе талқыланды

Бішкектегі конференцияға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Бельгия және Оңтүстік Африка елдерінің судьялары қатысты. Сонымен қатар жиынға Қоршаған орта мәселелері жөніндегі судьялардың Еуропалық форумы, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, экологтар, ғалымдар және сарапшылар жиналды.

Қатысушылар табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы сот практикасын жетілдіру, халықаралық экологиялық құқық нормаларын ұлттық заңнамада қолдану және экологиялық дауларды қараудың тиімділігін арттыру жолдарын талқылады.

Конференцияда қоршаған ортаға келтірілген залалға байланысты істерді кәсіби деңгейде қарау және экологиялық құқықтарды қорғау тетіктерін дамыту мәселелеріне басымдық берілді.