Қазақстандық судьялар Болгариядағы халықаралық жиынға қатысты

Қазақстандық судьялар Болгариядағы халықаралық жиынға қатысты
Gov.kz

Қазақстан Конституциялық Сотының судьялары Болгария астанасы Софияда өткен халықаралық конференцияға қатысып, еліміздегі конституциялық өзгерістер туралы баяндады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

15 қазанда Болгария Конституциялық Сотының құрылғанына 35 жыл толуына орай «Құқықтық мемлекетті қамтамасыз етудегі конституциялық соттардың рөлі» атты халықаралық жиын ұйымдастырылды.

Қазақстан атынан конференцияға Конституциялық Сот судьялары Қайрат Жақыпбаев пен Аслан Түкиев қатысты. Олар шетелдік әріптестеріне 2026 жылғы 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституцияның басты ережелерін түсіндіріп, еліміздегі конституциялық бақылау жүйесінің ерекшеліктеріне тоқталды.

Халықаралық басқосуға Еуропа, Азия және Африканың 30-ға жуық елінен конституциялық бақылау органдарының өкілдері жиналды. Сондай-ақ жиынға Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясы, Еуропалық Одақ Соты және Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сот өкілдері қатысты.

Конференция барысында соттардың тәуелсіздігін сақтау, олардың шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету, Конституцияның үстемдігін нығайту және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелері талқыланды. Жиын қатысушылары конституциялық сот төрелігі саласындағы тәжірибелерімен бөлісіп, құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайту жолдарын қарастырды.

Қазақстандық делегацияның бұл конференцияға қатысуы шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасуға және конституциялық бақылау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік берді.